Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды

Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды

Жол-көлiк оқиғасы кезiнде оған қатысы бар жүргiзушi көлiк құралын дереу тоқтатуға (орнынан қозғамауға), авариялық жарық сигнал беруiн қосуға және авариялық тоқтау белгiсiн (жанып-сөнетiн қызыл фонарь) қоюға, оқиғаға қатысы бар заттарды қозғамауға, болған оқиға туралы жақын жердегi iшкi iстер органына дереу хабарлауға, оны көргендердiң тектерi мен мекенжайларын жазып алуға және iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң келуiн күтуге міндетті.

Жол-көлiк оқиғасы кезінде зардап шеккендер болған жағдайда зардап шеккендерге дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету үшiн ықтимал шараларды қолдануға, жедел медициналық жәрдем шақыруға, ал шұғыл жағдайларда зардап шеккендердi жол-жөнекей көлiкпен жөнелтуге, егер бұл мүмкiн болмаса, өзiнiң көлiк құралымен жақын жердегi емдеу мекемесiне жеткiзуге, өзiнiң тегiн, көлiк құралының мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн хабарлауға (жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргiзушi куәлiгiн және көлiк құралына берiлген тiркеу құжатын көрсете отырып) және оқиға болған жерге қайтып келуге, iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң келуiн күтуге міндетті.

Бұл заң нормалары «Жол жүрiсi туралы» 2014 жылғы 17 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы 54-бабының 3-тармағының 8) тармақшасында және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрiсi қағидалары (бұдан әрі қарай - ЖЖҚ) 2-бөлімінің 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген.

ЖЖҚ-ның 1-бөлімі 8-тармағына сай жол-көлiк оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайларын бағалауда жүргiзушiлер өзара келiскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресiмдеу үшiн iшкi iстер органдарының жақын бөлiмшесiне келедi.

 Аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 611-бабында көрсетілген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Жүргiзушiнiң жол жүрiсi қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-бөлігіне сәйкес бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, жүргiзушiнiң өзi қатысушы болып табылатын жол-көлiк оқиғасына байланысты Қазақстан Республикасының жол жүрiсi саласындағы заңнамасында көзделген мiндеттердi орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 1-бөлігіне сәйкес 5 (бес) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған және бұл баптың осы бөлігі бойынша істерді қарау уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) құзіретіне жатады.

Ал егер жүргізуші көлiк құралын басқару құқығынан айырылған не көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ адам бола тұра нақ сол әрекетті жасаған кезде, ол ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 3-бөлігі бойынша 100 (бiр жүз) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 30 (отыз) тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тартылады.

ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2 және 3 бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген әкiмшiлiк соттардың судьяларының қарауына жатады.

Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабы, яғни жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу фактісі бойынша 2015 жылы 1724 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа түссе, 2016 жылы – 1677 іс, ал 2017 жылдың 11 айында 1169 іс түскен. Көрсетілген статистикалық мәліметтерден аталған санаттағы істердің сотқа түсуі елеулі түрде азаймағандығы байқалады.

Бұл санаттағы істерді қарау кезінде аталған құқық бұзушылықты жасаудың әр түрлі себептері кездеседі. Көбінесе, өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлғалар, яғни көлік жүргізушілер заңды білмегендіктен, құқық бұзушылықтың салдарын білмегендіктен, не болмаса жол көлік оқиғасын байқаусызда жасап, көліктер қақтығысын (соқтығысын) сезбегендіктен, білмегендіктен оқиға болған жерден кетiп қалғандарын көрсетеді.

Кейде жол көлік оқиғасынан кейін жәбірленуші кінәлінің материалдық шығынды өтеп беремін және т.б. уәделеріне сеніп, өзара келісіп, полиция шақырмай, жол көлік оқиғасын ресімдетпей, оқиға орнынан кетіп қалу фактілері де кездеседі. Содан кейін жол көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші, өз уәдесін толық немесе ішінара орындамай, жәбірленушіге егер жол көлік оқиғасы туралы уәкілетті органға (полицияға) хабарлаған жағдайда, жәбірленушінің өзі де әкімшілік жауаптылыққа тартылатындығын, 1 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айрылатындығын айтып, оны қорқытып, біржола өз уәдесін орындаудан бас тартып жататын кездерде кездесіп жатады.

Егер жәбірленуші жол көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалып, кейін жол көлік оқиғасы туралы уәкілетті органға (полицияға) хабарлаған жағдайда, оның өзіне де ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының тиісті бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады, яғни іс қозғалады.

Сонымен бірге, бұл жағдайда көліктерді оқиға орнынан алып тастағаннан соң, жәбірленуші жүргізушіге кінәлі жүргізушінің жол көлік оқиғасына кінәлігін дәлелдеу де қиынға соғуы мүмкін.

Кейде кінәлі жәбірленушіге матералдық шығынды өтеп беремін деп уәде беріп, оны алдап, жол көлік оқиғасы болған жерден бірге кетіп қалады. Сосын оқиға болған жерге қайтып келіп, өз көлігін оқиға орнына өзіне ыңғайлы, қолайлы жағдайда қойып, өзін жәбірленуші ретінде көрсетіп, жәбірленушіні кінәлі жүргізуші қашып кетті деп, жол көлік оқиғасын ресімдеу үшін уәкілетті органға хабарласып, полицияны шақыратын жағдайлар да кездеседі.   

ҚР ӘҚБтК 611-бабының ескертпесіне сәйкес, зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам ғана осы бап бойынша жауаптылықтан босатылады.

Сондықтан, жүргізуші Жол жүрiсi қағидаларының, «Жол жүрiсi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бiлуге және сақтауға, адал әрекет етуге және мұқият болуға міндетті. Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды.

 

Алматы қаласы Мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы                                 

М.С.Әлімбек

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив