Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысына түсініктеме
Жасырын тергеу әрекеті – бұл қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды анықтау үшін мүдделеріне қатысы бар адамдарға алдын ала хабарламай сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жүргізілетін әрекет. Жасырын тергеу әрекеттері іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша заң мүлтіксіз сақталып және Қазақстан Республикасының Конституциясында (бұдан әрі – Конституция) көзделген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіліп, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу талаптары сақталған және жүргізуге негіздер болған кезде жүзеге асырылады. Мамандандырылған тергеу соты немесе мамандандырылған ауданаралық тергеу соты болып табылмайтын аудандық не оған теңестірілген соттың тергеу судьяларының жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша материалдарды қарауға құқығы жоқ. Жасырын тергеу әрекетін жүргізуді ұзартуға санкцияны жасырын тергеу әрекетін жүргізуді санкциялаған тергеу судьясы береді. Ерекше жағдайларда сол тергеу судьясының жасырын тергеу әрекетін жүргізуді ұзартуға санкция беру мүмкіндігі болмаған кезде санкциялауды осы соттың басқа тергеу судьясы жүзеге асырады. Судьяға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін санкциялауды Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Бас Прокурор келіскен қаулысы бойынша, ал Бас Прокурорға қатысты – Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Бас Прокурордың бірінші орынбасары келіскен қаулысы бойынша жүргізеді. Жасырын тергеу әрекеті тергеу судьясы оны санкциялаған мерзім ішінде, бірақ 30 тәуліктен аспайтын мерзімде жүргізіледі. Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімін ұзартуды ҚПК-нің 236-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен санкциялайды. ҚПК-нің 45-бабының 7-1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу ЖІҚ туралы Заңға сәйкес іс бойынша қажетті іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге, олардың нәтижелерін қылмыстық іс материалдарына қосып тігуге кедергі келтірмейді. Жасырын тергеу әрекетін жалғастыруды санкциялау мәселесін шешу кезінде оны жалғастырудың негізділігін, оның қандай мақсат үшін қажет екенін және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының нақты адамға немесе орынға қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігі туралы түйіндерінің расталғанын тексерген жөн.
ҚПК-нің 231-бабының 1)-дан бастап 6)-ны қоса алғандағы тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша тоқтатуы мүмкін. Өтінішхатқа жасырын тергеу әрекетін тоқтатудың қажеттігі туралы прокурордың дәлелдерінің негізділігін растайтын мәліметтер қоса берілуі тиіс. Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету аталған өтінішхатпен жүгінген прокурорға жүктеледі. Жасырын тергеу әрекетін тоқтату туралы прокурордың өтінішхаты негізсіз болған кезде оны қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін, ол туралы тергеу судьясы уәжді қаулы шығарады. Оны жоғары тұрған сот прокурордың өтінішхаты бойынша ҚПК-нің 107-бабының қағидаларына сәйкес қайта қарауы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, ҚПК-нің 240-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген адамға ол туралы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныстырмай қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған сәттен бастап алты ай мерзімнен кешіктірмей хабарлауға тиіс. Тергеу судьясы бұл мерзімді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша бір жылға дейін ұзартуы мүмкін. Жазбаша хабарламада жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің түрі мен оны өткізу уақыты, сондай-ақ ҚПК-нің 240-бабының екінші, төртінші, және алтыншы бөліктерінде көзделген құқықтарды түсіндіру туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысындағы қорытынды шешім сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы ғана болып табылады. Сот үкім шығарған кезде хабарламаның алты айлық мерзімі үкімнің заңды күшіне енген сәтінен бастап есептеледі. Адам сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жасырын тергеу әрекетін жүргізу фактісі туралы қылмыстық іс материалдарымен таныстыру кезінде ҚПК-нің 295 және 296-баптарында көзделген тәртіппен не ҚПК-нің 239-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен хабарлар етілген жағдайларда бұл адамға жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабарланды деп есептеледі және қайта хабарлау талап етілмейді.
Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адам жасырын тергеу әрекетін жүргізуді санкциялаған сотқа хабарламаны алған сәттен бастап он бес тәуліктің ішінде тиісті жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілуін заңсыз деп тану және келтірілген залалды (ол болған жағдайда) өтеу туралы арызбен ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен жүгінуге құқылы.
Тергеу судьясы шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен қарау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны орындау бойынша әрекеттерінің заңдылығын осы қаулыны санкциялаудың заңдылығын талқыламастан тексеруге тиіс. Тергеу судьясының қаулысына ҚПК-нің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы,прокурордың өтінішхаты бойынша ол қайта қаралуы мүмкін.
Ақмола гарнизоны әскери сотының
бас маманы Р.Махина
[xfvalue_img]
36 пікір