Жол-көлік оқиғасынан келтірілген залалды өтеу туралы істердің қаралуы
Бұл санаттағы істер сот практикасында жиі кездеседі, оның ішінде гарнизондық әскери соттардың іс жүргізуіне де тұрақты келіп түседі. Олар бойынша белгілі бір сот практикасы қалыптасқан және осындай істерді қараудағы ерекшеліктер белгілі.
Яғни, жол-көлік оқиғасынан келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап қоюлар жол-көлік оқиғасына кінәлі тұлға анықталып, ол бойынша тиісті әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарылған соң беріледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың заңды күшіне енген қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның кінәсі осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.
Бұл дегеніміз осы санаттағы істердің сотта қаралуын айтарлықтай жеңілдетеді.
Дегенімен келтірілген залалдың мөлшері бойынша тараптар арасындағы келіспеушілік орын алуы мүмкін.
Әрине, залал сомасымен жауапкер келіскен жағдайда, өтеуге дайын болған кезде, көбінде сот практикасында тараптар дауды татуласу рәсімдері арқылы шешіп жатады.
Ал, сома бойынша дау туындаған жағдайда, жасалған бағалаумен келіспеген жағдайда, автосалондардың кепілдігінде тұрған көліктерге дефектік акті негізінде берілген талап қоюлар бойынша, сотпен тиісті сараптама тағайындалуы қажет.
Яғни, автокөлікті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарының құнын анықтау туралы немесе егер, көлік құралы қайта қалпына келтіруге жатпаса оның нарықтық құнын анықтау туралы сараптамалар тағайындалады.
Осы санаттағы талап қоюлардың қанағаттандырылуы келесі нормаларға негізделеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 917-бабының талаптарына сай азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
АК-нің 931-бабына сай қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
Сонымен қатар АК-нің 921-бабымен заңды тұлға немесе азамат өзiнiң қызметкерi еңбек (қызметтiк, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде келтiрген зиянды өтейтiні көрсетілген.
Әскери соттардың соттылығына жататын талап қоюлар бойынша көбінесе жүргізуші лауазымындағы әскери қызметкерлер басқаруындағы әскери бөлімге тиесілі автокөлікті басқару барысында жол-көлік оқиғасына жол берген, оған қоса осы кезде әскери қызметін өтеп жүрген немесе қызмет бабымен жолға шыққан жағдайларда орын алып жатады.
Сондықтан жол-көлік оқиғасынан жапа шеккен автокөлік иелері талап қоюларын көлiк құралдарының иелері ретінде әскери бөлімдер мен құрылымдардың, яғни заңды тұлғаның атына береді. Кейде жауапкер ретінде рөльде отырған әскери қызметші де көрсетіледі.
Бұл тұрғыда, талап қою аталған заң нормаларына сай заңды тұлғаға қатысты қаралып залал заңды тұлғадан өтеледі, ал жүргізуші іс бойынша үшінші тұлға ретінде тартылуға жатады.
Дәлелдемелер ретінде жоғарыда аталған құжаттардан басқа әскери қызметкердің қызметке шақыру/орналасу бұйрықтары, жол жүру парақтары, көлік құралына тиесілі құжаттар, т.б. беріледі.
Залалдың мөлшері бағалау актілері мен сараптама қорытындыларымен анықталады.
Айта кететін жайт, кейіннен әскери бөлімнен өндірілген соманы регресстік тәртіпте әскери қызметшіден өндіру туралы талап қоюлар келіп түседі.
Алайда, Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңының 53-1 бабына сай әскери қызметкерлердің міндеттерін атқару кезінде абайсызда келтірілген материалдық залал үшін шектелген жауапкершілігі көзделген, яғни бірнеше айлық ақшалай ризықтан (стипендиялардан) немесе жалақысының мөлшерінде ғана.
Дегеніменен, жол-көлік оқиғасынан келтірілген залалды өтеу туралы талап қоюлардың ең басты негіздерінің бірі, ол әскери құрылымдар мен бөлімдерге тиесілі көлік құралдарының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің сақтандырылмағандығы.
Алайда, бұл автокөліктер мен басқа да әскери техника жол қозғалысының толық қанды қатысушысы болып табылады.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Заңына сәйкес Көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты жасалмаған жағдайда, көлік құралын пайдалануға жол берілмейді. Ал жол қозғалысының кәуіпсіздігін қамтамасыз етуші уәкілетті органда тіркелуге жатпайтын көлік құралдарының иелері жауаптылығын міндетті сақтандыру шартын жасаспайды. Сонымен қатар, Өзiнiң қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн атқаруына орай, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт жасасу негiзiнде көлiк құралын жүргiзушi адамның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылуға жатпайды.
Яғни, егер жолға шығатын әскери автокөліктер мен техникаға міндетті сақтандыру талап етілсе, аталған талап қоюлардың саны едәуір азая түсетіні, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын әскери бөлімдердің үшінші тұлғаларға төлейтін залалды өтеу сомалары бойынша қаржылай жүктемесі төмендейтіні, және жүргізуші әскери қызметкерлерге регресстік тәртіпте қойылатын талаптар алдын алынатыны сөзсіз.
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы Г.Т.Есбергенова
[xfvalue_img]
