«Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданысын өз деңгейіне көтерейік»
Әлемде 142 тілдік отбасыларға жататын 7000-нан астам тілдер бар. Қазақ тілі түркі тілдер тобына кіретін тіл. Қазақ тілінде жер бетінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді.
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік органдарда, оның ішінде сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын артып келеді. Сот жүйесінде құжаттар мен іс-қағаздарының басым бөлігі мемлекеттік тілде орындалады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді сот жүйесінде толық қанды қолдану мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қылмыстық процесте және әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейтуге мүмкіндіктер бар, ол процестік заңдарда көзделген.
Осы ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 738-бабының 1, 2-бөліктеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажет болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
Осыған ұқсас норма Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында көзделген.
Соттарда азаматтық істерді қарау кезінде сот ісін жүргізу қағидатын қолданудың өз ерекшеліктері бар, ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабында көзделген.
АПК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Сондай-ақ «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 Нормативтік қаулысының 11-1-тармағына сәйкес, сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы.
Яғни, осы аталған заң нормаларына сәйкес талап қою қай тілде беріледі, сот ісін жүргізу сол тілмен белгілеу, тараптардың сот ісін жүргізу тілін өзгерту құқықтары қамтылған.
Алайда практикада жеке сектор, квазимемлекеттік сектор өкілдері, жеке практикадағы заңгерлер азаматтық процесте сот ісін жүргізу қағидатын ескермейді. Көптеген мемлекеттік емес ұйымдар сотқа талап қоюмен өздеріне ыңғайлы тілде – орыс тілінде жүгінеді, себебі орыс тілі ресми тіл, сондай-ақ олар қазақ тілін жетік білмейді. Көп жағдайларда жауапкерлер орыс тілін меңгермеген, қазақ тілді ортадан болуы мүмкін. Кейде қазақ тілді талап қоюшы орыс тілін білмеуіне, түсінбеуіне қарамастан, соттарда олардың атынан заң көмегін көрсететін ұйымдар талап қоюды өздеріне ыңғайлы орыс тілінде береді. Сот ісін жүргізу тілі – орыс тілі деп белгіленген сот отырысына орыс тілін меңгермеген талап қоюшы және оның өкілі қатысса, кейін өкіл бұдан әрі сот отырысына қатысудан бас тартса талап қоюшының құқықтары бұзылуы мүмкін. Немесе орыс тілінде дайындалған талап қоюды қазақ тілді талап қоюшы түсінбеуі мүмкін. Осыған орай заң көмегін көрсететін ұйымдар өз клиенттерінің заңды мүдделерін, құқықтарын сотта қорғағанда олардың сот ісін жүргізу тілін білу-білмеуін ескергені жөн.
Осы және жалпы тілге қатысты мәселелерді шешу үшін аталған сұрақтарды зерттеп процесстік заң нормаларына өзгерістер енгізу керек. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Жоғалуға жол бермей, тіліміздің тұғырын биіктетіп, ұлтымыздың абыройын асқақтатайық!
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының
судьясы М.М.Альмуханбетов
[xfvalue_img]
