Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірліктің және рухани құндылықтардың басты нышаны. Тіл – халықтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды құрал.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттік органдардың, соның ішінде сот жүйесінің де басты міндеттерінің бірі. Ақмола гарнизонының әскери соты өз қызметінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Сот ісін жүргізуде, ресми құжаттарды дайындауда және азаматтармен жұмыс барысында қазақ тілінің қолданылуы заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы әрі жауапкершілігі. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен әскери сала қызметкерлері үшін қазақ тілін жетік меңгеру кәсіби мәдениеттің көрсеткіші болып табылады. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазу – елге деген құрметтің белгісі.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – мемлекеттік тілдің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан қазақ тілін дамыту, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдану – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы біз ұлттық құндылықтарды сақтап, ел бірлігін нығайтамыз.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – халықтың рухани тірегі, елдігіміздің айғағы. Қазақ тілін құрметтеу және дамыту – әр азаматтың қасиетті борышы.
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы А.Каиров
[xfvalue_img]
