«Істерді алқабилермен қарау ерекшеліктері»

«Істерді алқабилермен қарау ерекшеліктері»

Біздің елімізде саяси - әлеуметтік ортаның өзгеруі, мемлекетіміздің демократия жолында қол жеткізген жетістіктері мен бүгінгі заман талабы алқабилер сотының жұмыс жасауын қажет етті. Бүгінгі таңда сот жүйесінің қызметін өркениетті елдердің талаптарына сәйкестендіруде барлық шаралар жұмылдырылуда. Алқабилер соты, қатал сынға қарамастан, дамыған елдердің сот жүйесінде сот өндірісінің анағұрлым демократиялы және әділ түрі ретінде қалыптасты.

Сөйтіп, 16 қаңтар 2006 жылы қылмыстық сот ісін жүргізуге алқабилердің қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, алқабилердің құқықтық мәртебесін, тәуелсіздігінің кепілдіктерін, олардың қызметін қамтамасыз етудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын «Қазақстан Республикасының алқабилер туралы» заңы қабылданды. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының сот жүйесіне алқабилер институты енгізілгелі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі демократиялық жаңа бағыт пайда болды. Содан бері олар аса ауыр қылмыстық істерді қарап келеді. Халықаралық Жоғарғы Сот Кеңесі шетелдік тәжірибені алға тартып, алқабилер сотының классикалық моделіне көшуді ұсынды.

Қазіргі таңда қабылданған заңдарға сәйкес, алқабилердің қатысуымен қаралатын істер, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткізіледі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексіне алқабилердің қатысуымен іс жүргізу өндірісі бойынша жалпы ережелерді, сот мәжілісін тағайындаудың ерекшеліктерін, сот талқылауына қатысу үшін алқабилерге кандидаттарды іріктеу рәсімін, істі алқабилердің қатысуымен талқылау ерекшеліктерін реттейтін толық бір бөлім енгізілді.

Бүгінде соттардың қоғамдағы беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған құқықтық реформа жолындағы қадамдар одан әрі жалғасын табуды. Қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау сот жүйесін жетілдірудің қол жеткен жетістіктерінің бірегейі және маңыздысы деуге болады.

Алқаби – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақыртылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы, санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам.

Алқабиге кандидат – Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексiне сәйкес, кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың бірыңғай тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы.

Алқабилерді сот отырысына іріктеу «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «SMART DATA UKIMET» бағдарламасына қажетті алқабиге кандидаттар санын көрсете отырып, сұрау жолданады. Ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде алқабилердің тізімдері «SMART DATA UKIMET» бағдарламасында қалыптастырылып, нәтижесі «Төрелік» ақпараттық жүйесіне түседі.

Алқабилердің сот процесінде сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысып, төрағалық етуші арқылы сұрақтарын қойып, сот тергеуіндегі барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар.

Алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын санаттағы істер бойынша айыпталушы, сотталушы қылмыстық процестік кодексінің талаптарына сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және де алдын ала тыңдауды өткізу аяқталғанға дейін өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін беруге құқылы. Осындай өтініш беріліп, оны қолдаған жағдайда міндетті түрде қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады.

Судья алқабилердің қатысуымен басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда келушілердің саны кемінде жиырма бес адам болатындай етіп сот отырысына шақырылуға тиісті алқабиге кандидаттардың жалпы санын анықтайды. Қаулы шығарылғаннан кейін сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттарды алқабиге іріктеу үшін олардың сот отырысына келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді.        

Судьяның өкімі бойынша сот отырысының хатшысы алқабиге кандидаттарға сот отырысына келу туралы хабарламалар жолдап, сот отырысының орны мен басталу уақытын көрсетеді, ал азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті. Азаматтардың дәлелсіз себептермен келмей қалуы ҚР-ның заңында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Қылмыстық сот iсiн алқабилердің қатысуымен жүргізу ең алдымен азаматтардың конституциялық құқықтарын толықтай іске асыруға мүмкіндік туғызады. Алқабилер сотының ерекшелігі олардың сот төрелiгiн жүзеге асыруда жан-жақтылығы, объективтiгі және толықтығы.

«Алқабилер туралы» ҚР-сы Заңының 10 бабының талабына сай алқабиге кандидаттар тізімдеріне

1) алқабилер тізімдерін жасау кезінде 25 жасқа толмағандар,

2) өтелмеген не алынбаған соттылығы барлар,

3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар,

4) судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері,

5) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғандар енгізілмейді.

Алқабиге кандидаттардың тізімдерінен:

1) қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар,

2) өздерінің дене кемістігі немесе психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз адамдар,

3) жасы 65 жастан асқан адамдар,

4) діни қызметшілер өздерінің жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.

Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы біріңғай (жылдық) тізімнен алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді. Бір сол адам сот отырысына алқаби ретінде жылына бір реттен артық қатыса алмайды. Төрағалық етушімен сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу өткізіліп, яғни алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босату, өздігінен бас тарту және қарсылық білдіру туралы мәселелері шешіліп, істі қарайтын алқабилер құрамы құралады.

Қылмыстық істер құрамында 1 судья және 10 алқабилермен қаралады (алқабилерді іріктеу кезінде 12 адам сайланады, оның ішінде екі алқаби қосалқы болып табылады және егер алқаби негізгі құрамнан шығып қалса, қосалқы құрамның алқабиі істі қарауға қатысады.)

Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) пара-пар. Оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi.      

Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек өтілін есептеген кезде есепке алынады. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық iстi жүргiзетiн орган, егер сотта мiндеттерiн атқарушы алқабиден тиiсті өтiнiш келіп түссе, сондай-ақ, аталған адамдардың қауiпсiздiгiне немесе олардың мүлiктерiнiң сақталуына қауiп төнудiң басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, «Алқабилер туралы» Заңда көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ, төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен, қазіргі кезде ұмытып қалған билер соты – дала демократиясының нағыз үлгісі болғаны, түрлі дау – дамайларды әділ шешіп, қара қылды қақ жарғандай етіп әділ билік айтуда теңдессіз болғанына таң қалмасқа шара жоқ. Ал қазіргі алқабилер туралы айтар болсақ, оның қарапайым халықты сот билігіне, сот төрелігін жүргізуге тарту мақсатында игі оймен қатар кемшіл тұстары да жетерлік. «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ ханның ауылын жау араламайды» деген екен дана халқымыз. Әділдік жоқ жерде бәрі бекершілік. Әділетсіздіктің ең сорақысы заң жолымен жасалған әділетсіздік деп білемін. «Халыққа бай құт емес, би құт» деген екен Төле би және де ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның ары мен білімі болады депті, осыларды терең зерделесек, ел жұрт алдында халық алдында судьяның орны да, қызметі де зор екенін анық байқаймыз.

Асланбек Дүйсенғалиев

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.