Судьялардың мәртебесі мен жауапкершілігі
Қазақстан Республикасында судьялардың мәртебесі Конституциямен және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен айқындалады. Судья – сот төрелігін жүзеге асыруға уәкілетті, тәуелсіз және тек заңға бағынатын лауазымды тұлға болып табылады.
Судьялардың мәртебесінің негізгі қағидаттарына тәуелсіздік, ауыстырылмаушылық, қол сұғылмаушылық және заң алдындағы теңдік жатады. Судья сот ісін қарау барысында қандай да бір мемлекеттік органнан, лауазымды тұлғадан немесе өзге де тұлғалардан нұсқау алуға міндетті емес. Судьяның қызметіне заңсыз араласуға жол берілмейді және ол үшін жауаптылық көзделген.
Судьялардың кәсіби қызметі жоғары моральдық-этикалық талаптарға негізделеді. Судьялар бейтараптықты сақтауға, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін тең дәрежеде қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот төрелігін адал және әділ жүзеге асыруға міндетті.
Сонымен қатар, судьялар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған немесе заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Судьялар тәртіптік, әкімшілік және заңда көзделген жағдайларда қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Тәртіптік жауапкершілік судьялық әдепті бұзу, қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау жағдайларында қолданылады.
Осылайша, судьялардың мәртебесі мен жауапкершілігі сот билігінің беделін арттыруға, азаматтардың сотқа деген сенімін қамтамасыз етуге және құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарылық әскери сотының бас маман – сот отырысының хатшысы
Диас Нургалиевич Ерденов
[xfvalue_img]
