Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшінің әліппесі
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындығы және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қатаң талаптар қойылатыны айтылған. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне ерекше мән береді.
Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне қоғамдық бақылау күшейіп отыр. Бүгінде түрлі әлеуметтік желілер қарапайым халық өз пікірін ашық айта алатын бірден-бір құрал болып тұр. Демек, әлеуметтік желілер арқылы қоғамның өзекті мәселелерін, мемлекеттік қызметшінің тарапынан қандай ерсі қылықтар орын алып жатқанын алақандағыдай көріп отыруға болады.
Мемлекеттік қызметші – биліктің айнасы, оның түр-сипаты болып табылады. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызметінде, халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін түрлі кемшіліктерге жол беріп алатын жағдайлар да кездеседі.
Осыған орай мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Әрқашан да қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметін кәсіби, жоғары дәрежеде көрсете білулері тиіс.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексін сақтау өте маңызды, себебі, ол тікелей адамдармен жұмыс істейді және әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдармен қарым-қатынас жасайды. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы мәдениеттің үздік үлгісіне айналуы керек.
Өз кезегінде мемлекеттік қызметші қоғам мен азаматтар арасындағы жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының заңдары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер талаптарын мүлтіксіз сақтауға, жалпы қағидаттар мен адамгершілік нормаларын сақтауға, қызмет барысында және тұрмыста жоғары парасатты, мәдениетті болуға талпынуы тиіс.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, елге адал, абыройлы қызмет ету баршамыздың қасиетті борышымыз.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының бас маманы С.М.Турумов
[xfvalue_img]