Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны
Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне қарап, билікті бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек. Осы орайда, Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзі де бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы болатындығын айқындап тұрғанын айта кеткен жөн деп ойлаймын.
Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың, сот мамандарының басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар, егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады. Десек те, әлі де болса соттарда іс жүргізу көбінесе орыс тілінде өтетіні рас. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Бір іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни талап-арызы қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, әрине, кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы, іс бойынша жасалған сұраныстарға іс жүргізу тілінен басқа тілде жауап берілуі. Мұндай кездерде, арыз берушіге басқа тілдегі құжаттардың аудармасын тіркеу ұсынылады, оған мүмкіндігі болмағанда, аудармашының көмегімен құжаттардың аудармалары жасалады. Немесе, сотқа талап-арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап-арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі.
Бұған негізінен мемлекеттік және басқа да мекемелерде келісім шарттар жасаған, құжат алмасқан кезде әлі де болса мемлекеттік тілден гөрі, орыс тілінің басымдықта қолданылып келе жатқаны себеп болып отыр. Қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуі, бұрынғы қалыппен жүруге бейімдігі өзгеріс енгізуге немқұрайдылығы да осы қатарда. Қалай болғанда да, сотқа талапарыздарды мемлекеттік тілде беруге, сот процесі барысында мемлекеттік тілде түсінік беру мүмкіндігіне шектеу жасалмауы қажет. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, отансүйгіштіктің, ұлттық намыстың мәселесі.
Сөз басында мемлекеттік тілдің дамуына мемлекеттік қызметшілердің ықпалы мен қосар үлесі зор деуіміздің мәнісі де осында жатыр. Сондықтан сотта істерді қарау барысында да мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болу қажет. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, сөйтіп өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетулері тиісті.
Ендеше, тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек, бәрімізге де абырой. Ең бастысы, тіліміздің мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дами түсетіні анық.
А.Искакова, Жаңақала аудандық соттар әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]