Сот отырысында бейнеконференциябайланыс арқылы этикалық нормаларды сақтау туралы
Қазіргі заманғы технологиялардың дамуы сот жүйесіне де өз әсерін тигізуде және бейнеконференцбайланыс (БКБ) сот процестерін жылдам әрі тиімді жүргізудің маңызды құралына айналды.
Бұл әсіресе Қазақстан үшін өзекті, себебі БКБ шалғай аймақтардағы немесе сот залына келе алмайтын тараптардың процестерге қатысуына мүмкіндік береді. Алайда, сот отырыстарын БКБ арқылы өткізу барысында этикалық нормалар мен процессуалдық ережелерді сақтау сот беделін нығайту үшін өте маңызды.
Сот отырысына БКБ арқылы қатысудағы этикалық мінез-құлық, ең алдымен, дайындықтан басталады. Судьялар, адвокаттар, прокурорлар және тараптар жабдықтың дұрыс жұмыс істейтінін және байланыс тұрақтылығын алдын ала тексеруі қажет. Байланыс үзілуі немесе техникалық ақаулар процестің кідіруіне және дайындықтың жеткіліксіздігі туралы теріс пікірдің туындауына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, БКБ ұйымдастыру кезінде құпиялылық сақталуы тиіс, үшінші тұлғалардың қатысуына және басқа алаңдататын факторлардың болуына жол берілмейді.
БКБ арқылы сот отырысына қатысушылардың сыртқы келбеті бетпе-бет тыңдауларға қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс. Судьялар мен тараптардың өкілдері кәсіби түрде киініп, сот процесіне деген құрметін көрсетуі қажет. Сондай-ақ бейнефон бейтарап болуы тиіс, кадрда қатысушылардың назарын алаңдататын немесе отырыстың ресми сипатына әсер ететін элементтердің болмауы маңызды.
Сөйлеу әдебіне ерекше назар аударылады. Қатысушылар анық және түсінікті сөйлеуі және бір-бірінің сөзін бөлмеуі қажет. Сот отырысы судьяның басшылығымен өтетіндіктен, барлық сөздер оған бағытталуы керек. Сотқа құрметсіздік көрсету, агрессия немесе процесті манипуляциялауға тырысу әрекеттеріне қатаң тыйым салынады.
Ақпараттың құпиялылығын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Сот рұқсатынсыз отырысты жазуға немесе таратуға қатаң тыйым салынады. БКБ қолдану барысында тараптар істердің талқылануы жеке жағдайда өтіп, деректердің сыртқа шықпайтынына сенімді болуы керек. Бұл әсіресе жеке немесе мемлекеттік құпияларға қатысты істерде маңызды.
Сонымен қатар, барлық тараптардың әрекеттері Қазақстан Республикасының процессуалдық заңнамасына сәйкес болуы қажет. БКБ қолдану қылмыстық процестік кодексі, азаматтық процестік кодексі және басқа да нормативтік актілерде көзделген тәртіптер мен рәсімдерді сақтауды жоққа шығармайды.
Сот отырыстарында БКБ арқылы этикалық нормаларды сақтау сот жүйесіне деген сенімді арттырады және тараптардың теңдігін қамтамасыз етеді. Сот өндірісінде технологияларды қолдану – бұл алға жылжу, бірақ ол барлық қатысушылардан кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді.
Назгүл Рахымжанова
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің жетекші маманы
[xfvalue_img]