Тіл - ұлттың тарихы мен тағдыры
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы.
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп оны қоғамдық қарым-қатынас тіліне енуі- бүгінгі күн талабы.
Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдің дамуына еш нұсқан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау қамқорлық аясын тарылтпай, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы ел-жерінің иесі қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлейінше кең көздеуге маңыз беруіміз керек. Бұл әр қазақстандықтың қастерлі міндеті. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін көптеген шаралар атқарылып, түрлі бағдарламалар қабылдануда. Осыған байланысты барлық мемлекеттік атқарушы органдар осы мәселе бойынша іс-шаралар атқаруда.
Сот істерін мемлекетік тілде жүргізу Конституция талабы болғандықтан соттарда мемлекеттік тілде жазылған құжаттардың, сот актілерінің сапасына жоғарғы талап қойылу, мемлекеттік тілдің аухалын одан әрі кеңінен қолданылуын кеңейту сот жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Себебі мәңгілік елдің тұғырын биіктететін тілімізді мәңгілік етудің тетіктерін жұмыс істетіп, Жолдауда берілген тапсырманы өміршең ету барша қазақстандықтардың міндеті.
Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексіне сәйкес, сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады,-делінген.
Алайда, бүгінгі күні қылмыстық істердің басым көпшілігі сотқа дейінгі тергеп-тексеруде орыс тілінде жүргізіліп,сот отырысы барысында, сот процесiне қатысушылар іс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi жеткiлiктi түрде бiлмеу салдарынан, аудармашының қызметіне жүгіну құқығын пайдаланады.
Қазақстан Республикасы көпұлтты унитарлы мемлекет болғандықтан республика тұрғындарының татулығы мен бейбітшілігін сақтап, ұлтаралық бірліктің маңыздылығын негіздейтін ең негізгі факторы – қазақ тілі десек артық болмас.
Сондықтан мемлекетіміздің тәуелсіздігінің басты белгісі ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту міндетіміз болып табылады.
Ақмола гарнизоны әскери сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы А.Ғ.Мырзаханова
[xfvalue_img]