Мемлекеттік тіл-қазақ тілі
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра.
Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б. Оған қоса мемлекеттік тіл – татулық пен бірліктің тірегі. Мемлекеттік тілді өркендетсек өзге ұлт адамдарымен осы тіл арқылы қарым – қатынаста боламыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігіне өте қуаныштымын және оны мақтан етемін.
Қазақстан - әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауымыз керек.
Орал қаласының мамандандырылған
тергеу соты әкімшісінің жетекші маманы
Утегенова Ажар
[xfvalue_img]