Әдеп және әдептілік
Әдеп-қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін байқатып отырады. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп тұрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді.
Әдептілік-адам бойында бірден бола қалмайды. Ол бірнеше жылдардың, қоршаған ортаның, үйдегі жақсы тәрбие жемісі.
Көпшілік орында қарқылдап дауыс шығарып күлу, қоқыстарды көрінген жерге тастай салу,жасы үлкендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу және тағы басқа қылықтар адамның әдепсіздігін көрсетеді. Кез келген ортада эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы әдептілікке қол жеткізуге болады.
Жұмыстағы мінез-құлық этикасы бұл әрәптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым-қатынас. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Қызметтік ортада айтылған ақпараттар мен қызметтік құпия сол айтылған төртбұрыштан тысқа шықпауы тиіс. Жұмыс орнында қызметтестермен руластыққа, жершілдік пен жікшілдікке бой алдырмастан, олардың жұмыс тәжірибесі мен атқарған қызметіне қарай бағалау орынды. Бағынышты қызметкердің кемшілігін көпшіліктің көзінше емес, жеке өзіне айтып, кемшілігін түзеуіне мүмкіндік жасаған орынды.
Мекеме басшысы неғұрлым жас болса, жасамыс қызметкерлер мен әйелдерге сәлем береді. Бөлмеге кіргенде, басшы бірінші амандасады, қызметкерлер орындарынан тұрмай-ақ амандасады. Әңгіме ұзаққа созылар болса, орын ұсынады.
Келушінің қызметкерлерді өз жұмысынан алаңдатпауы үшін есікті қақпай кіргені дұрыс.Басшы қызметкерлеріне есік қағып кіруді ескерткен болса, бұл ережені сақтаған дұрыс.
Қызметкермен немесе келушімен сөйлесіп отырған басшы іске қатысы жоқ қағаздарды ақтарып кетуден; қайта-қайта телефонмен сөйлесуден; саусақтарымен үстелді тықылдатудан аулақ болған жөн.
Мемлекеттік қызметшінің әртүрлі кәсіби сұрақтарды шешудегі адалдығы мен әділдігі, қайырымдылығы мен байсалдылығы, әріптестермен өзара қарым-қатынаста да, жұмыс барысы немесе жеке мәселемен келген сырт адамдармен қатынаста да маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сенімге селкеу түсірмеу-әрбір мемлекеттік қызметшінің қызметтік және азаматтық міндеті.
Ақмарал Нұрым
Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық аудандық соты әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]