«Ана тілің - арың бұл...»
«Қазақтың тілі - қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да - тілінде.
Мәдениеті мен әдебиеті де, діні де - тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі - ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал.
Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады - деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Қандай керемет айтылған сөз! Тұла бойыңа күш - жігер беретін осындай қанатты сөзге еріксіз риза боласың.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың осы қанатты сөзіне тоқталар болсақ, тілдің тұғыры да бесіктен, отбасынан басталатыны ақиқат. Іңгәлап өмірге сәби келсе, салт-дәстүрін ұстанған қазақ халқы бауыр еті баласын бесікке бөлейді. Бесіктегі баланы бесік жырымен әлдилеп, ұйықтататыны тағы бар. Бесік жыры құлағына ана тілімен сіңген бала өз тілінің мәртебесін ойламайды деп айта алмаспыз.
Тілге деген құрмет, анаға деген құрмет туралы қанша рет айтсақта аз болмайды. Ана тілімен сусындап өскен ұрпақтың елдің қамын ойлар азаматы болары айдан анық. Отанға деген сүйіспеншілігі басым жеткіншек ұрпақ өз елінің нағыз патриоты болып өсері бесенеден белгілі. Отбасында ата - анасы ана тілінде сөйлесе, оның өзі балаларына тәрбие әрі үлгі - өнеге. Әрине көбіне кейбір ата - аналар балаларын ана тілімен сусындатудың орнына орыс тілінде сөйлеседі. Көріп жүрік. Естіп жүрік. Міне, осындай кейбір келеңсіз жайттар ана тіліне деген құрметті аяқасты ететіні тағы бар.
Шындығында қазақ халқы тілге шешен, астарлап сөйлеудің хас шебері екені тарихымыздан белгілі. Өткенсіз болашақ жоқ деген сөз тегін айтылмаса керек. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, жер мен жесір дауын алқалы жиындарда бір ауыз сөзбен шешкен билеріміз қанша ма? Қазақтың би - шешендері даулы мәселелерді шешіп, елдің, рудың қақтығысуынан аман алып қала білді. Бұл нені білдіреді? Бұл қазақ халқының сөзге тоқтай білгендігін. Бұл алдынғы толқын ағалардың сөз қадірін білгендігін дәлелдей түседі. Басқалай айту мүмкін емес.
Бұл тұрғыда ұлттық салт-дәстүрімізді ұстана жүріп, ана тіліміздің қадірі мен қасиетін жалықпай дәріптеу жолында еңбек етсек жақсы болар еді деген ойдамын.
Тілімізді шұбарландырып жақсы атанбаймыз. Мерзімді басылымдарда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгергендері туралы көп жазылуда. Оқыған кезде олар үшін қуанамыз. Ал қазақ бола тұра, қазақ тілін білмейтіндерге осы бағытта жұмыстансақ ше? Құба-құп болар еді. Ешкімде біліп тумайды. Бастысы білсем, үйренсем деген ниет керек. Ниет болса, талпыныс пен жігер және қызығушылық туады. Шындығында ұлттың басты байлығы тіл.
Ана тілің-арың бұл, Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте! - деп уақытында Қадыр Мырза Әлі ағамыз жырлаған. Бұл тұрғыда ақын Қадыр атамыздан асып айта алмаспыз. Дегенмен де ана тіліне деген жанашырлықтан әрі құрметтен осы мақаланы жазуыма тура келді. «Көш жүре бара түзеледі» деген байырғының қарттары. Ал қартын сыйлаған, салтын сыйлайды десек, өскен ортамызда және жүрген жеріміз бен еңбек еткен мекемемізде ана тілге деген құрметімізді білдіріп жүрейік дегім келеді.
Тіл адам баласының байланыс құралы. Ал екі қазақ отырып өзге тілде сөйлеп отырса, ана тіліңнің де қадірі жоқ сияқты көрінеді. «Ауырғанын жасырған өледі» деп дана халқымыз қанатты сөз қалдырған. Бүгінгі күні ана тілін білмейтін қазақ баласының жүргенін көргенде іштей ойға шомыласың. Амал не? Дегенмен де тіліміз үшін жанашыр жан екенімді ашық айтамын. Қазақ тілі бай тіл екенін өзге ұлт ғалымдары әлде қашан дәлелдеген. Қазақтың бір сөзінің бірнеше баламасы бар. Осындай бай тіліміз біздің бар байлығымыз екенін мақтанышпен айтып жүрсек бізді қолдаушылар көп болады. Қолдаушымыз көп болса, ана тілімізге деген құрмет молынан болады.
Ш.Тұңғатарова
Батыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің меңгерушісі
[xfvalue_img]