Әкімшілік әділет: мемлекеттік органдардың қатысумен дауларды татуласу рәсімдерін қолдану арқылы реттеу мүмкіндіктері
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіліп, Президент Жарлығы негізінде жаңа әкімшілік соттар өз жұмысын бастап кетті.
Әкімшілік әділет құрылымын енгізудегі басты мақсат- жария-құқықтық дауларда азаматтар мен мемлекеттік аппарат ресурстарының теңсіздігін болдырмау,әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытында шешу.
Жаңа заңға енгізілген басым жаңашылдықтардың бірі ретінде туындаған жария-құқықтық дауларды татуластыру рәсімдерінің көзделгенін атап өтуге болады. Заң шеңберінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиативтік, партисипативтік және татуласу келісімдері қарастырылған. Татуластыру рәсімдерінің барлығы дерлік азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдап, оларға дауды процестің барлық сатысында, яғни сот шешім қабылдағанға дейін бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдеседі.
Бұдан бұрын жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндігі заң нормаларымен қарастырылмаған. Себебі, аталмыш даулар бұрын Азаматтық процестік кодекстің 29 тарауы негізінде, яғни ерекше өндіріспен қаралатын, яғни мемлекеттік органдардың қатысумен қаралатын даулар сотта ортақ бітімге келу жолымен шешілуге жатпайтын.
Бұған дейін сотта мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша талапкер өз шағымын дәлелдеуге тиісті болса, енді жаңа заң аясында жауапкер - мемлекеттік органдар өз уәждерін дәлелдеуге тиіс.
Сонымен қатар сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін және шешімінің орындалуы бақыланып, уақытында орындалмағаны үшін тиісті мемлекеттік органның басшысына айыппұл салуға құқылы.
Заңнамаға енгізілген бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың татуласу рәсімдерін қолдануға оң ықпалын тигізуде.
Жоғарыда атап айтылғандай, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің басымдылығы әкімшілік істер бойынша татуластыру рәсімдерін қолдануда болып отыр. Кодекстің 120 бабында татуластыру рәсімдерінің ережелері бекітілген: тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.
Бұл ретте әкімшілік қалау деген жаңа ұғым әкімшілік органның, лауазымды адамның заң аясында ықтимал шешімдердің бірін қабылдау дегенді білдіреді, яғни Кодекстің 11 бабы негізінде әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.
Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
Сонымен қатар әкімшілік рәсімдегі маңызды қағидаттың бірі- соттың белсенді рөлін атап айтуға болады. Кодекстің 16 бабында көзделгендей сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Мемлекеттік органдардың қатысумен дауларды татуласу рәсімдерін қолдану арқылы реттеу барысында бітімгер судья соттың белсенді рөлін назарға алып, өзінің алдын- ала құқықтық пікірін білдіре отырып және дауды бітімгершілікпен шешу тараптардың уақытының, материалдық шығындардың үнемделуіне, татуласуың басқа да артықшылықтарымен бірге талап қою қанағаттандырылған жағдайда жауапкерге туындайтын жағымсыз салдар жайында да түсіндіреді.
Енді статистикалық деректерге сүйенсек, татуласу рәсімдерімен аяқталған әкімшілік істер санының артқанын көруге болады.
2022 жылдың 1 тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына 1220 талап қою арызы жолданса, соның 145-і татуласу рәсімін қолданумен аяқталған, яғни жалпы сотқа түскен арыздың 32 пайызын құрайды және бұл өте жақсы көрсеткіш деп атап айтуға болады.
Әкімшілік істер санатына келетін болсақ - сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), тұрғын үй, мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар.
Дана халқымыздың: «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді», «Жері азған елде тоқшылық болмайды, ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» -деген қанатты сөздерімен ерте заманнан қазақ билері бір ауыз сөзімен небір шытырман даудың дұрыс шешімін тауып, елді ынтымаққа, үш жүздің бірлігін сақтауға шақырған.
Иә, халқымыз ежелден жер дауы, жесір дауы сияқты көптеген әділ шешімдерді қажет ететін жағдайларда аса ептілікпен, даналықпен, көрегендікпен қарап, әділ шешім қабылдап отырған.
Бүгінгі таңда сот өкілдерінің алдына қойған басты мақсаты сол баяғыдай, өз қарауы мен құзырындағы әрбір істі заңда көрсетілген мерзімде жоғары кәсіби біліктілікпен қарап, тек әділ де заңды шешім қабылдаумен қатар татуласу рәсімдерін қолдана отырып, қоғада бейбіт қарым-қатынасты орнатуға ықпал ету.
Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Сәуле Қабидолдина
[xfvalue_img]