Тәуелсіздіктің сот саласындағы жетістіктері
1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, ежелден еркіндік аңсаған қазақ халқының ең асыл мұраты орындалды. Ел Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 30 жыл толып отыр.
Осы уақыт ішінде Қазақстан мемлекетіміз өсіп жетіліп, әлемде жеке дара дербез ел екенін дәлелдеген, өзінің белгіленген шекарасы, тілі мен діні, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт дәстүрі бар тәуелсіз елге айналдық.
Еліміз тәуелсіздік алған соң Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңы қабылданып, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты. 2000 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды.
Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, сот жүйесінің ұйымдық негіздерінің дамуына, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, демократиялық, құқықтық мемлекеттің заңдылық негізін бекітудің қажетті алғышарттары ретінде соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мемлекеттің стандарттарына сай келетін шынайы тәуелсіздікке қарай қарқынды қадам басты. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялар съездерінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары республика сот жүйесін жаңа арнаға салды.
Осы уақыт аралығында жекелеген санаттағы істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды. Сот төрелігінде қолданылатын заңнамалар қоры толықты, алқабилер, медиация, әкімшілік әділет институты енгізілді, күзетпен ұстау және кейбір тергеу әрекеттерін санкциялау құзыреті прокуратурадан сотқа берілді.
Барлық денгейдегі соттарда жаңа технологиялар, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері енгізілді. Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республиканың барлық соттарында «Төрелік» ақпараттық жүйесі енгізілді, сот мәжілісі залдары түгелдей дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталды. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ сотқа жолдауына жол ашты.
Жоғарғы Соттың төрағасы Ж.Асановтың енгізген «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы, «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «SMARTСОТ», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламалары соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгертті. Кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсатында судьяларға қойылатын талап күшейді, кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сот актісінің сапасы артты, халыққа қызмет көрсетуге жаңа IT-технологиялар енгізіле отырып, келушілерге «бір терезе» қағидаты арқылы жедел әрі сапалы қызмет көрсететін фронт-кеңселер, медиация кабинеттері, татуласу орталықтары ашылып, билер кеңесі құрылды. Виртуалды сот процесіне қашықтан қатысуға мүмкіндік жасалды. Соттарда цифрландырудың дамыту деңгейі пандемия кезеңінде сот төрелігін онлайн режимде жедел жүргізуге мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі сот жүйесін реформалау аясында жасалған оң өзгерістер Қаратөбе аудандық сотында айналып өткен жоқ. Аудандық сотына жаңа ғимарат салынып, ғимарат ішіндегі фронт-кеңсе, сот мәжіліс залы, мұрағат, медиация және басқада қызметтік бөлмелер жаңа үлгідегі жиһаздармен, компьютерлермен, оргтехникалармен және дыбыс-бейне жазба құралдарымен толық жабдықталып, судьялар мен мамандардың жұмыс атқаруына барлық жағдайлар жасалған.
Өткен тарихты бағалай отыра сот саласында әр кезеңде қызмет атқарған аға ұрпақ өкілдеріне де құрметіміз әрқашанда шексіз. Олардың салып кеткен әділеттік сара жолында әділеттіліктің туын берік ұстап, заңды бұлжытпай орындау арқылы халыққа қызмет жасау әрбір сот судьясының міндеті.
Көкбайрағымыз бейбіт аспан астында желбіреп, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Еліміз мәңгілік болсын!
Қаратөбе аудандық сотының төрағасы
М.Шүкіров
[xfvalue_img]