Адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін халықаралық нормалар мен принциптер
Конституцияға сәйкес келетін Республиканың халықаралық шарттары және өзге міндеттемелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады.
Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін соттың қорғауын қамтамасыз етуде халықаралық шарттардың маңызды рөлі бар, сондықтан қажет жағдайларда соттар Қазақстан Республикасы юрисдикциясы шеңберінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті.
Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының Конституциясымен және Республика таныған халықаралық құқық нормаларымен бекітілген адамның және азаматтың құқығы мен бостандығы танылады және кепілдендіріледі.
Қазақстан Республикасы өзінің аумағында және юрисдикциясында болатын барлық тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын Конституцияға және қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес қамтамасыз етуді міндетіне алады.
Халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы атынан - мемлекетаралық шарттар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан - үкіметаралық шарттар, орталық атқару органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар атынан - мекемеаралық шарттар болып табылады.
Қажет жағдайларда соттар Қазақстан Республикасының аталған халықаралық пактіге қатысушы ретіндегі міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Парламенті 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні (бұдан әрі - АСҚХП) басшылыққа алуға тиіс.
Қазақстан Республикасының халықаралық шартының нормаларын қолданған және түсіндірген кезде техникалық-заңдық мәселелер туындаған жағдайда Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың (мемлекетаралық құрылымдардың) актілері мен шешімдерін қолдану қажет, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына шығу қажет (мысалы, халықаралық шарттың қолданылу мерзіміне, шартқа қатысушы мемлекеттердің құрамына қатысты мәселелерді анықтау, халықаралық шартқа қатысушы-елдердің ескертпесі бар-жоғын және халықаралық шартты шетелдерде қолданудың сот практикасына қатысты мәселелерді және тағы басқаларды анықтау үшін).
Ақмола гарнизоны Әскери сотының судьясы А.Батырханов
[xfvalue_img]
20 пікір