Тарихи сапар: Қазақстан мен Түрікменстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Тарихи сапар: Қазақстан мен Түрікменстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Жұма, 11 қыркүйекте Астанадағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық офисінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының төрайымы Огулдженнет Бердилиевамен кездесті.

Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы делегациясының Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына алғашқы ресми сапары екі ел кәсіподақтары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл сапардың тарихи мәні бар екенін атап өтті.

«Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы делегациясының бұл сапары - тарихи оқиға. Осы кездесу ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ елдеріміз пен халықтарымыз арасындағы бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына өте қуаныштымыз», - деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Қазақстан мен Түрікменстанды тамыры бір ортақ тарих пен дәстүр ғана емес, сонымен бірге еңбек адамын ардақтау, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әділдік пен қауіпсіз еңбек жағдайын жасау сияқты ортақ кәсіподақ құндылықтары біріктіреді.

ҚРКФ Төрағасы Қазақстанның кәсіподақ қозғалысының құрылымы мен қызметі туралы айтып берді.

«Бүгінде Федерация 2 миллионға жуық адамның басын қосып отыр, оның құрамында 24 салалық кәсіподақ, 18 аумақтық бірлестік және 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Бұл ретте ұйымның ауқымы тек мүшелер санымен ғана өлшенбейді. Біз үшін бұл көрсеткіштер, ең алдымен, еңбек адамдары алдындағы, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты еңбек пен тұрмыс жағдайын жасау жолындағы үлкен жауапкершілікті білдіреді», - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Федерацияның стратегиялық міндеттеріне тоқталған ҚРКФ Төрағасы былтыр кезекті Съезде 2030 жылға дейінгі жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайтын «Әділетті еңбек: өзгерістер дәуірі, қорғау, даму, инновациялар» атты бесжылдық Стратегия қабылданғанын хабарлады. Сонымен бірге кәсіподақтар бастауыш ұйымдарды нығайтуға және кәсіпорындардағы адамдармен тікелей жұмыс істеуге бағытталған «Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» жалпыреспубликалық науқанын өткізіп жатыр.

Сатыбалды Дәулеталин мұндай жұмыстың негізгі құралдарының бірі ретінде әлеуметтік әріптестікті атады.

«Республикалық деңгейде Бас келісім, салаларда - салалық келісімдер, өңірлерде - өңірлік келісімдер, ал кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасалады. Бүгінгі таңда 24-ке жуық салалық, 20 өңірлік келісім және 17 мыңдай ұжымдық шарт жұмыс істейді. Ұжымдық шарт - бұл әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты, кәсіпорынның өзіндік «шағын Конституциясы», онда жұмыскерлер мен жұмыс берушілер еңбектің негізгі шарттары туралы келісім жасайды», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы жалақы мәселесіне де бөлек тоқталды.

«Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері бүгінде 85 мың теңгені құрайды, төрт жыл ішінде ол екі есе өсті. Сонымен бірге кәсіподақтар халықаралық тәсілдерді ескере отырып, бұл көрсеткішті одан әрі арттыру қажет деп санайды. Федерация Үкіметпен бірлесіп ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр - медианалық жалақының 50 пайызы деңгейі нысанаға алынған. Былтыр Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының Ең төменгі жалақы туралы № 131 Конвенциясын ратификациялады. Біздің басты міндетіміз - осы Конвенция ережелерінің қағаз жүзінде қалып қоймай, ең төменгі жалақы деңгейін көтеруге шынайы ықпал етуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар Федерация жалақыны жыл сайын міндетті түрде индекстеуді және оны еңбек заңнамасында бекітуді жақтайды», - деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин келесі басым бағыт ретінде қазақстандықтардың қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуді атап өтті.

«Кейінгі бес жылда өндірістік жарақаттану жалпы төмендегенімен, жыл сайын өндірісте 200-ге жуық адам қаза табады. Біз «Халықтық бақылау» жобасын іске асыру және «Vision Zero» халықаралық қағидатын қолдану арқылы жарақаттануды нөлге жеткізуге ұмтыламыз. Таңертең жұмысқа аман-есен келген адам кешке де үйіне аман-сау оралуы керек. Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қолданылады. Кәсіподақтар еңбекті қорғауды басқаруда өтемақылық тәсілден тәуекелге бағдарланған тәсілге көшуге белсене қатысуда. Кәсіпорындарда 12 мыңнан астам өндірістік кеңес және еңбекті қорғау бойынша 17 мыңға жуық техникалық инспектор жұмыс істейді», - деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Еңбек құқықтарын қорғау туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың заңнамалық қызметке қатысуы жайында хабарлады.

«Біз заң шығару жұмыстарына белсене қатысып, заңнамалық өзгерістерге бастамашы боламыз. Бүгінде алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Елде Ұлттық құрылтай құрылуда. Бұл да кәсіподақтардың заң шығару жұмысына қатысуына және адамдардың, ең алдымен жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларды ілгерілетуге қосымша алаң болады деп есептейміз. Бәрімізге мәлім, елімізде жаңа Конституция қабылданды. Біз үшін онда адамның еңбек ету құқығын бекіту – өте маңызды мәселе. Егер бұрын Конституцияда еңбек бостандығы құқығы туралы сөз болса, бүгінде біз еңбек ету құқығын бекітуді жақтаймыз, өйткені бұл еңбек адамы үшін мүмкіндіктер мен кепілдіктерді анағұрлым кеңірек ашады. Бүгінде еңбек адамы жаңа Конституциядағы басты тұлғалардың біріне айналып отыр. Бұл маңызды қадам әрі елімізде жүріп жатқан саяси реформалардың жақсы нәтижесі деп ойлаймын», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы кәсіподақтардың құқық қорғау қызметіне ерекше назар аударды.

«Кейінгі жылдары Кәсіподақтар федерациясының Заң клиникасына жұмыскерлерден 30 мыңға жуық өтініш түсті. Бұл еңбек қатынастары саласында әлі де мәселелердің бар екенін білдіріп қана қоймай, елдің кәсіподақтарға деген сенімін де көрсетеді. Адамдар кәсіподақтан өздерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудың нақты құралын көретіндіктен бізге жүгінеді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасының мәліметінше, бүгінде кәсіподақтар үшін ерекше маңызға ие тағы бір бағыт - оқыту.

«Соңғы жылдары Кәсіподақтар федерациясы 2 мыңнан астам оқыту семинарын өткізді. Қазіргі уақытта кәсіподақ дәріскерлерінің өзіндік кадрлық резерві қалыптасып жатыр: осы және келесі жыл ішінде бастауыш ұйымдармен тікелей жұмыс істей алатын 100-ге жуық маман даярлау жоспарланған», - деді ҚРКФ Төрағасы.

Цифрлық жаңғыруға тоқталған Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысы технологиялар қандай қарқынмен дамыса, еңбек әлеміндегі өзгерістерге де солай жылдам икемделуі тиіс екенін атап өтті.

«Қаңтар айында ҚРКФ Бас кеңесі Федерацияның «Цифрлық болашаққа бірге» атты Цифрлық трансформация тұжырымдамасын бекітті. Оның бір бөлігі - бірыңғай цифрлық экожүйе құру және кәсіподақ мүшелеріне жылдам жауап қайтару, олардың өтініштеріне тез әрекет етуге мүмкіндік беретін құралдарды дамыту. Сонымен бірге Федерация жасанды интеллектіні енгізу жағдайында жұмыскерлерді қорғаумен айналысады. ЖИ-ді қолдану кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарттары мен оларды пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. ҚРКФ тиісті ережелерді ұжымдық шарттарға енгізуге қол жеткізуді көздейді. Бізге жылдам әрекет ету қажет. Бір жағынан, өзіміз де заманға сай өзгеріп, цифрлық форматқа көшіп жатсақ, екінші жағынан -ауқымды цифрландыру жағдайында жұмыскерлерді қорғау тетіктерін құрамыз», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Халықаралық ынтымақтастық та Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыты.

«Қазақстандық кәсіподақтар Халықаралық еңбек ұйымының, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының, Жалпыеуропалық өңірлік кеңестің қызметіне қатысады, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар конфедерациясы мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы шеңберінде өзара іс-қимылды дамытуда. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан және Түркия кәсіподақтарымен ынтымақтастық тәжірибесі салалық және аумақтық құрылымдар арасындағы тікелей байланыстардың қажеттілігін көрсетеді. ҚРКФ Түрікменстан кәсіподақтарымен де осындай байланысты дамытуды көздейді», - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының төрайымы Огулдженнет Бердилиева қазақстандық әріптесіне шақыруы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтып, бұл алғашқы ресми сапардың екі ел кәсіподақтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті.

«Бүгін осы жерде болу - мен үшін үлкен мәртебе. Түрікменстан мен Қазақстан - бауырлас елдер. Бізді достық, ортақ тарих, мәдениет және өзара құрмет біріктіреді. Бұл қарым-қатынас, соның ішінде кәсіподақтарымыз да одан әрі дами беруі тиіс деп сенемін», - деді Түрікменстанның кәсіподақ көшбасшысы.

Огулдженнет Бердилиева түрікмен тарапы бұл кездесуді тек танысу және пікір алмасу мүмкіндігі ретінде ғана емес, сонымен бірге тығыз әрі тұрақты ынтымақтастықтың бастауы деп қарайтынын атап өтті.

«Байланысымыздың нақты әрі нәтижелі істерге ұласуын қалаймыз. Осы орайда тәжірибе алмасып, жиындар мен семинарлар өткізу, салалық кәсіподақтардың қарым-қатынасын тереңдету және ортақ жобаларды іске асыру маңызды. Қазақстан мен Түрікменстан кәсіподақтарының ортақ мүдделері мен міндеттері бар, сондықтан тәжірибе алмасу, ХЕҰ іс-шараларына қатысу және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығы шеңберінде өзара қолдау көрсету маңызды бағыттарға айнала алады. Бір-бірімізден үйренеріміз мол екеніне және бұл ынтымақтастықтың екі тарапқа да пайдалы болатынына сенімдімін», - деп атап өтті Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының төрайымы.

Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Мекан Бабаев бұл алғашқы ресми сапардың өз елдері үшін қаншалықты тарихи маңызға ие екенін жеткізді.

Оның айтуынша, Астанадағы кездесу Женевада Халықаралық еңбек ұйымының сессиясы кезінде басталған диалогтың заңды жалғасы әрі Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы төрайымының Орталық Азия өңіріндегі алғашқы ресми сапары болды.

«Біз үшін бұл сапардың тарихи мәні зор. Бұған дейін де атап өткеніміздей, бұл - Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы төрайымының Орталық Азия аймағындағы алғашқы сапары. Женевада Халықаралық еңбек ұйымының сессиясы аясындағы жүздесуімізден кейін бұл қадамды дәл Қазақстаннан бастап отырмыз. Бұл жерде тек екіжақты байланыс туралы емес, сонымен бірге аймақтағы кәсіподақтар арасындағы кәсіби байланыстарды одан әрі нығайту туралы сөз болып отыр. Тарихи және мәдени тамырларымыздың ортақтығы бұған берік негіз болады. Бұл тек екі ел арасындағы емес, өңіріміздің кәсіподақтары арасындағы кәсіби әрі бауырластық ынтымақтастықтың бастауы», - деп атап өтті ол.

Түрікмен тарапының өкілі әріптестеріне өзінің еліндегі кәсіподақ қозғалысының негізгі көрсеткіштерін де таныстырды. Оның тарихы 120 жылға жуық уақытты қамтиды. 1995 жылы кәсіподақ бірлестігі қазіргі Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы атауын алып, былтыр 30 жылдығын атап өтті. Мерейтойлық іс-шараларға Қазақстан кәсіподақтарының делегациясы да қатысқан болатын.

«Бүгінде Ұлттық орталық 1,1 миллионнан астам мүшені - елдегі дерлік әрбір екінші жұмыскерді біріктіріп отыр. Оның құрамына 14 салалық кәсіподақ, бес облыстық, төрт қалалық және 44 аудандық бірлестік кіреді. Кәсіподақтардың иелігінде Каспий теңізі жағалауындағы шипажай мен балалар лагерьлері бар», - деді Мекан Бабаев.

Әріптестіктің нақты мазмұны туралы Қазақстанның салалық кәсіподақ өкілдері де сөз қозғады.

«ҚАЗТЕМІРЖОЛКӘСІП» кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев қазақстандық және түрікменстандық теміржолшылар кәсіподақтарының тығыз кәсіби байланыстары мен ортақ мүдделері бар екенін атап өтті. Салалық кәсіподақ жетекшісі тамыз айында түрікмен әріптестерімен өткен кездесулерді еске алып, екі елдің көлік және теміржол кәсіподақтары арасындағы әріптестіктің келешегі зор екенін айтты.

«Орталық Азияда көлік дәліздерін дамыту салалық кәсіподақтар арасындағы кәсіби байланыстардың маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Түрікменстан теміржолшылары көлік бағыттарына және Каспий өңіріне қатысты мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Алда атқарар іс өте көп, әсіресе теміржолшылар мен көлік саласы қызметкерлерінің үлесі зор», -деді «ҚАЗТЕМІРЖОЛКӘСІП» төрағасы.

Салалық ынтымақтастықтың келешегін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева да атап өтті. Ол түрікмен кәсіподақ делегациясының алғашқы ресми сапары ҚРКФ халықаралық байланыстарын дамыту үшін маңызды екенін айтып, екі елдің білім беру саласы кәсіподақтары арасындағы байланыстарды белсендірек өрістетуді ұсынды.

«Біздің ортақ міндетіміз -еңбек адамы, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл бағытта ҚРКФ ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Шын мәнінде, көріп отырған әрбір цифрдың артында нақты адам, оның өмірі, мұң-мұқтажы мен адал еңбегі тұр», -деді Айгүл Мұқашева.

Ресми кездесу соңында Қазақстан мен Түрікменстанның кәсіподақ көшбасшылары Өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына қол қойып, уағдаластықтарды бекітті.

Бұл құжат тараптардың жүйелі түрде өзара әрекеттесу, тәжірибемен және үздік кәсіподақ тәжірибелерімен алмасу, ортақ кездесулер, семинарлар мен оқыту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау саласында бірлескен жобаларды іске асыру ниетін бекітеді.

Ынтымақтастықтың басты бағыттары еңбекті қорғау, кәсіподақ білімі, жастар саясаты, гендерлік теңдік, орнықты даму және халықаралық кәсіподақ өзара іс-қимылы мәселелерін қамтиды. 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.