ЕвроХим Қазақстандағы ең ірі күкірт қышқылы зауыттарының бірін іске қосты

ЕвроХим компаниясы Жамбыл облысында күкірт қышқылы зауытын пайдалануға берді. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 800 000 тонна, сол себепті елдегі ең ірі зауыттардың бірі атанады. Өнімдер ЕвроХим компаниясының салынып жатқан химиялық кешені үшін де, Қазақстанның ішкі нарығы үшін де пайдаланылады.
Зауыттың іске қосылуы ЕвроХим компаниясының Қазақстандағы ауқымды инвестициялық жобасының екінші кезеңі болды. Бірінші кезеңде компания жылына 840 000 тонна фосфат шикізатын өндіретін және өңдейтін кен-байыту кешенін пайдалануға берді. Соңғы кезең 2027 жылы минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдерді өндіруге арналған химиялық кешенді іске қосу болады. Жобаға салынған жалпы инвестиция 1 млрд доллардан асады, ал барлық кезеңдерді аяқтағаннан кейін өндірілген жиынтық өнім көлемі жылына 1 млн тоннадан асады.
Жоба Қазақстанның Бірыңғай индустрияландыру картасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Жоба Мемлекет басшысы қойған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, әртараптандыру және Қазақстанның экономикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Жоғары технологиялық өндірістердің іске қосылуы – екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік нығаюының жарқын үлгісі. Жобаның толық қуатына шығуы Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін»,
— Ерсайын Нағаспаев, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Инвестжобаның барлық кезеңі аяқталғаннан кейін Жамбыл облысында шикізатты өндіру, оны өңдеу және дайын өнім шығаруды біртұтас өндірістік тізбек аясында біріктіретін, әлемдегі санаулы толық циклді химиялық өндірістердің бірі құрылады.
Кешен өнімі Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінде, сондай-ақ Ресей, Қытай және Еуропа нарықтарында да жоғары сұранысқа ие болады.
«Жобаны іске асыру барысында сапа мен қауіпсіздікке кепіл беретін ең заманауи жоғары технологиялық шешімдер қолданылды. Алдағы уақытта да компания өндірістік базаны дамытып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенімен серіктестікті нығайту мақсатында инвестициялауды жалғастыруды көздеп отыр»,
— Игорь Георгиади, «ЕуроХим-Қаратау» компаниясының бас директоры

Жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды. Жобаны іске асыру барысында Қазақстан бюджетіне түскен жалпы салық сомасы шамамен 70 млрд теңгеге жетті. Барлық кезеңдерді аяқтағаннан соң, компанияда 1200-ден астам жұмыс орны, жапсарлас қызмет көрсету және логистикалық ұйымдарда да кем дегенде осыншама жұмыс орны ашылады. 2012 жылдан бері ЕвроХим Жамбыл облысындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде тұрғын үйлерді, мектептерді, денсаулық сақтау нысандарын және қалалық инфрақұрылымды жөндеуге шамамен 29 млн доллар жұмсады.
[xfvalue_img]
