Түркияның Göknur Gıda компаниясы Қазақстанда ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақшы
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанда интенсивті жеміс бақтарын отырғызу және қайта өңдеу кәсіпорнын салуға бағытталған инвестициялық жоба бойынша Түркияның ірі компания басшысымен келіссөздер жүргізді
Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында ҚР АШМ басшысы Нигде қаласында орналасқан «Göknur Gıda» компаниясының өндірістік нысандарын аралады.
Сапархан Омаров зауыттағы жеміс шырындары, пюре, концентрат және биогаз өндірісінің технологиялық желісімен танысты. Сонымен қатар, «Göknur Gıda» компаниясының құрылтайшысы Осман Асланалимен Қазақстанда интенсивті жеміс бақтарын бөлуді және оған ұқсас технологиялық өндірістік желіні құруды көздейтін «инвестициялық» жобаны іске асыру мәселелері бойынша келіссөздер өткізді.
Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігімен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Göknur Gıda» компаниясы 1993 жылы құрылған, Түркияның 500 ірі компанияларының қатарына кіреді. 2500 гектар жеке жеміс бақшасы, АҚШ, Еуропа, Қытай және басқа елдерде 5 жеміс сақтау қоймалары бар. Компанияның айналымы 130 млн. АҚШ долларын құрайды.
Жобаны іске асыру үшін әлеуетті өңірлер ретінде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары қарастырылуда. Қазір қазақстандық серіктестер «Göknur Gıda» компаниясымен тиісті келісімдерге қол жеткізді. Жобаның құны 204 млн. АҚШ долларын құрайды. Инвестициялық жоба аясында 500 жұмыс орнын ашу көзделуде.
[xfvalue_img]