Мәжіліс 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады
Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және Ұлттық қордан осы жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларына енгізілген түзетулерді мақұлдады. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және Ұлттық қордан осы жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңдарға өзгеріс енгізу туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жолдауын жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. «Қоғамдағы ең өзекті деген мәселелердің шешілуіне біраз қаржы қарастырылып отыр. Бір ғана мысал, өңірлердегі ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты қордаланған мәселелерді шешуге 476 млрд теңге бөлінеді. Қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – депутаттардың басты міндеті. Бүгін бірқатар депутат тарапынан Үкіметке біраз сын-ескертпелер айтылды. Министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауы қажет», – деді Палата Төрағасы. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасының салдарынан зардап шеккен бизнеске қолдау көрсетілуде. Күштік құрылымдар мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жабдықталуын арттыруға республикалық бюджеттен 441 млрд теңге бағытталады. Биылғы бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік салаға да ерекше мән берілді. Президент тапсырмасы бойынша халықты, бизнес пен экономиканың нақты секторын қолдауға басымдық беріліп отыр. Осылайша 1 сәуірден бастап әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақы төлемдерін индекстеу қосымша 4 пайызға жүзеге асырылады. Министрлердің айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасына 197 млрд теңге қарастырылуда. Бұл қаржы халықтың еңбек кірісін көбейтуге, жаппай жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталады. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге көзделген. Ол импортқа тәуелділікті азайтуға септігін тигізеді. Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықовтың мәліметінше, заң жобасымен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4 трлн 30 млрд теңгеге дейін ұлғайту қарастырылып жатыр. Отырыста Палата комитеттері Қазақстан мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар Палата баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша түзетулер туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырумен келісті. Сенат депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жөнінде құзырет беруді, сондай-ақ интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұруға негіз ретінде кибербуллинг фактілерін заңнамалық түрде айқындауды ұсынды. Бұл ретте, заң жобасынан бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті алып тасталды («Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдары). Бұл түзетулер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді.
Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
44 пікір