Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен және Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, Түрікменстанның игілігі мен өркендеуі жолындағы оның аса жауапты мемлекеттік қызметіне мол табыс тіледі.
Тараптар екі ел халықтарының арасындағы көп ғасырлық достыққа, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген байланыстарды жалғастыра отырып, Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Қазақстан Президенті Түрікменстан басшылығының қуатты әрі өркендеген мемлекет құру жөніндегі стратегиялық бағдарының сабақтаса жалғасатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті де сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, дауыс берушілердің іс-шараға белсенді қатысқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің бауырлас екі ел арасындағы достықты, тату көршілікті және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің саяси әрі өмірлік мол тәжірибесі Түрікменстанда және одан тыс жерлерде кеңінен сұранысқа ие бола беретініне сенім білдірді.
[xfvalue_img]