Қазақстан Стокгольм бастамасының министрлік кездесуіне қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Мадридте гибридтік форматта өткен Ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) жөніндегі Стокгольм бастамасына қатысушы елдердің кезекті министрлік кездесуіне қатысты.
Министр М.Тілеуберді өз сөзінде Стокгольм бастамасының көптеген шаралары Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ілгерілетуімен сәйкес келетінін атап өтті. Биыл Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл және Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құру туралы шартқа қол қойылғанына 15 жыл толатынын атап өтіп, Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру жөніндегі қазақстандық бастамаларды қолдауға және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті қарарын қабылдауға шақырды.
Стокгольм тобының министрлік кездесуі аясында М.Тілеуберді ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы - Швеция Сыртқы істер министрінің м.а. Анн Кристин Линдемен екіжақты келіссөздер өткізді. Тараптар Стокгольмде өтетін ұйымның министрлік кездесуі мәнмәтінінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелерін және Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, жоғары деңгейдегі саяси диалог, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, «жасыл экономика» және COVID-19 салдарымен күрес мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Германия Сыртқы істер министрі Хайко Маас және Иорданияның Сыртқы істер және экспатрианттар істері министрі Айман ас-Сафадимен бөлек кездесулер өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Стокгольм бастамасы халықаралық қоғамдастықты, ең алдымен ядролық қаруы бар мемлекеттерді доктриналар мен қауіпсіздік саясатындағы ядролық қарудың рөлін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға, сондай-ақ толық ядролық қарусыздануға шақырады. Топтың алғашқы кездесуі 2019 жылы Стокгольмде өтті.
Қазақстанмен қатар бұл топқа 16 ел кіреді: Аргентина, Канада, Финляндия, Эфиопия, Германия, Индонезия, Жапония, Иордания, Нидерланды, Норвегия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Испания, Швеция және Швейцария.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]