Салық Зиманұлының 100 жылдық мерейтойы – біз үшін маңызды шара – ТАЛҒАТ НӘРІКБАЕВ
Қазақстандық заң ғылымының негізін қалаушылардың бірі Салық Зиманұлы Зимановтың 100 жылдық мерейтойына орай өмір жолына, қызметіне, ғылыми шығармашылығына арналған https://zimanov.kazguu.kz онлайн-көрме іске қосылды. Бұл туралы М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің төрағасы Талғат Нәрікбаев «Салық Зиманұлы Зимановтың еңбектері – қазіргі дәуірдің саяси және құқықтық ойының қайнар көзі» атты халықаралық онлайн-конференция барысында айтты.
Бүгін Қазақстан халқы қазақтың билер сотының теңдесі жоқ институт екенін дәлелдеген ғалым, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зимановтың 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.
«Ұлы Отан соғысы жылдарында қатардағы солдаттан миномет полкінің командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, 1948 жылы Бүкілодақтық заң институтын бітіргеннен кейінгі ғұмырын заң ғылымына және құқықтық білім беруге арнаған Салық Зиманұлының мерейтойы – біз үшін маңызды шара», – деп атап өтті Талғат Нәрікбаев.
Конференцияға Қазақстан Республикасының экс-Премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов, Әзербайжан Республикасының ҚР-ғы Төтенше және Өкілетті елшісінің орынбасары Эйваз Самед оглы Мусаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Сәкен Абдолла, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Унзила Шапақ, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, з.ғ.д., профессор Қанатбек Сафинов, құқық докторы, Ыстамбұл университетінің профессоры Фехти Гедилхи, құқық докторы, Ыстамбұл КЕНТ университетінің профессоры Хазрет Чомак, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты. Сондай-ақ шара қатысушыларының қатарында ҚР мемлекеттік органдарының басшылары, жақын және алыс шетелдердің ғылыми заң қауымдастығының өкілдері, С.З. Зимановтың оқушылары, қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалым-заңгерлері де болды.
Онлайн-жиынға қатысушылар Салық Зиманұлының тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуына сіңірген еңбегін атап өтті. КАЗГЮУ Университетінің ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – қазақстандық ойшылдың идеялық мұрасын және оның даму перспективаларын талқылау.
КАЗГЮУ Университетінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]