Абай жаққан сана – сәулесі сөнбеу үшін

Абай жаққан сана – сәулесі сөнбеу үшін

«Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен кұбылыс саналардай ерекшелігі - отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орныңа тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтыктың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байқатқандығы».

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Қазаққа қара сөзге дес бермеген ақын: “Сендер кетсеңдер де, мен біржола кетпеймін. Сендер бүгініңмен, мен алдағы келешекпен өмір сүрдім. Ол күндері артқа қалдырған ісім мен сөзім мені қайта тірілтер” , - деген екен. Расында, ұлы Абайымыздың жасы биыл 175 жасқа толса да, рухы биік. Себебі, дана ақын шығармаларында жеке тұлға мен қоғамды толғандыратын барша сұрақтың жауабы бар. Абай атамыз жаққан сана – сәулесі "көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашатын", дүбірлі дүниеде дұрыс бағдар сілтейтін- темірқазық. Оның қараңғылық көгінен төгілген сәулесіне алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып пен Сұлтанмахмұттан бастап, ілгерінді-кейінді барша қазақ ақындары табынды.

 

Өлмеу үшін - құлқынды жемдеу үшін,

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.

                                                                           (М.Мақатаев)

 

Өлең сөздің патшасын қиыннан қиыстырған ұлы ақынға ой теңізі терең Торайғырдың Сұлтанмахмұты да:

 

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы еріңбе.

 

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге, -

деп шумақтарын арнаған.

 

         Ең қызықтысы, бүгінде қазақтың сана-сезімі Абай сынаған кезеңнен қаншалықты өзгерді? Абайдың қастерлі қарасөздері мен өр өлеңдері қай кезеңде де құнын жоймаған. Ол “Қарасөзіңде” адамзаттың санасы мен өнердің дұшпандарын жазған. Бұл кесапатқа әкелетін үш дұшпанды – надандықты, залымдықты, еріншектікті сынайды. Қазақ қоғамында талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым өзгелерден ұстануға, мүмкіндіктерді нәтижелі пайдалануға іргетас әрі қозғаушы күш болуға жарайды, есесіне өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ елді құрдымға бастайды.

Абай Құнанбаевтың "Сегізаяқ" өлеңінен:

 

... Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас.

 

Ол осындай шуақты, жылы сөздерімен қазақтың тұтастығын, бірлігін армандады. Жақсылығын асырып, көңілден шықпағанын жасырмай, “Қалың елім, Қазағым, қайран жұртым” деп айтып кеткен. Мұндағы “қайран” сөзінің астарында Ұлы дала ақынының жан уайымы мына жолдар жатыр:

 

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

 

Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымыздың тарих қойнауына ұзаған зерлі сөзі мен зерделі ісін "іші алтын, сырты күміс" қалпында ұрпаққа аманат ету ұлт болашағы үшін аса қажет. Соған орай ғалымдар, жазушылар мен журналистер заманалар керуенімен жеткен асыл мұраны жаңғыртуға қал-қадерінше атсалысуда.

Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оны өлең сөзбен жырлап өткен дана ақын өмір сүрудің - өнер екенін пайымдатып, оның қалтарыстарына көзіңді аша түседі:

 

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы...» ,

«Сылдырап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындай...

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз".

 

 Тыңдар құлақ болса, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса дендеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады, - деп ой салады хакім. Олай болса, Абайдың ақындық асыл мұрасы - адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып қайран қазағының өркениет көшінде өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.

Абай мұрасын зерттеу, біздіңше, Мұхтар Әуезовтен кейін өзінің түп-тамыр - арқатірегінен ажырап қалғандай. Ақынның сырлы да сәулелі сөзі жан-жақты "уәзінге салынып" жіктелгенімен, соның бәрінің сабақтастырып тұрған алтын арқауы үзіліп кеткен секілді. Байқап қарасақ, санамызды сейілтер қазынаның кілтін ақын мұрасының "судай тұнық" сәулесінің өзі-ақ меңзейді. Міне, біз іздеген жасампаз мұра кілті де осы - Абай сәулесі. Ол - адамдық талабы, адам бақыты үшін күрескен елжанды тұлға аманаты. Ақын мұрасының алтын өзегі де, ең алдымен, адам бақыты.

 

"Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер

Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер...

У берді ме сусын деп, су берді ме,

Көзің жұм да жұта бер деген кім бар?..

"Талас, тап" деп айтатын Абай өзі,

Танамыз ба жоқ қой деп бүгін көзі?

 

Абай әлемі - оқыған сайын сезімді оятатын, шексіз ғалам. Сонау дүрбелең дәуірлерде надандық бұлтын сейілткен сөнбес жарық күні. Өнер өмірді шынайы жырлап, өмірге бақытты болу үшін келген адамға айнымас серік.

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла»,

«Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?».

 

 Абай ғақлиясының «он жетінші» сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да терең адамдық дерегіндей: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді... Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді... Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет... Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды». Асылы, Абай өлеңдері - халқымыздың бойына тас кенеше жабысқан адамзатты бұзатұғын жалқаулық, көрсеқызарлық, дүниеқоңыздық, күндестік, өтірікші, мақтаншақтық сынды мінездерді түзетуші. Ұлы Абайдың саналы ғұмыры мен барша интеллектуальды ізденісі бірінші кезекте қазақ халқының санасын жаңғыртуға, заманның сын – қатерінен сақтандыруға бағытталды.

Әр сөзің өнеге ғой ұрпағыңа,

Теңеймін мен өзіңді биік шыңға.

Арманым болмас еді бұл өмірде,

Сіз секілді кіре алмас жыр бағына.

 

Абай сәулесі, тіпті, құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды. Абай жалғыз болғанмен, енді Сіз жалғыз емессіз. Олай болса, Абайды оқиық, данышпан сөзі жанымызға әрқашан араша болады екен. Демек, қазақ поэзиясының, әдебиеті мен өнерінің мынау таңғажайып өмірді, адам мен оның бақытын жырлап, сол үшін күресу - ең биік мұраты:

"Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан, зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар».

 

Бұдан асырып қалай айтарсың, қаламгер әрқашан ел бақытына қызмет етсе, құба-құп. Абай сәулесі - адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салатын құдірет.

“Абайды Абай қылған қилы тарихтың қырық қатпар шындығы қазіргі біз бастан кешіп жатқан заманалық құбылыстармен тікелей жалғасып жатыр. Оның тағдыры мен рухани ізденістерінің қиыры мен шиырын, тұңғиығы мен тұтқиылын жіті пайымдап, дұрыс қорытынды шығара білсек, басымыздағы дәуренмен талай сабақтастықты танып, бүгінгі ахуалымызды да салиқаландыра түсетін талай мән мен нәр таба алар едік”, - деп елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Абайдың бүкіл өмірі, шығармашылығы, қалдырған аса бай мұрасы біздің бүгінгі өмірімізбен астасып жатыр. Өмірдің қай қырын алсақ та, біз өміріміздің шындығынан Абайдың ақиқатын көргендейміз. Заманалар көшінен хакім Абай өз халқының өркениеттегі көшіне зер салып қарап тұрғандай.

Елінің бүгінгі тынысы мен тіршілігіне разы ма екен?! Бүгінгі тіршілікке айтар уәжі қандай екен? Осы сұраққа жауаптың бәрін алмастың жүзіндей жырларымен, тылсымды танытқан қарасөздерімен жауап беріп қойған тәрізді. Мен солай ойлаймын... Ақиқатында солай ғой!!!

 

Мадина Давлетова 

Нұр-Сұлтан қаласы

Есіл аудандық сотының

судьясы                                                                      

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.