«Бәйтерек» холдингі төтенше жағдай кезінде бизнеске қандай қолдау көрсетуде
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес ұйымдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін төтенше жағдай кезінде қиын жағдайда қалған кәсіпкерлерге бірқатар қолдау шараларын көрсетуде.
Мәселен, «Қазақстанның даму банкі» АҚ (ҚДБ) дағдарысқа қарсы жоспарды бекітті. Оған сәйкес теңгемен қаржыландырылған жобаларға берілген қарыздар қайта құрылымдалады. Яғни негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кестесі өзгереді, ағымдағы сыйақы мөлшерлемесі сақтала отырып, қарыз мерзімдері ұзартылады. Шетел валютасында қаржыландырылған жобалар үшін Үкімет тарапынан жеңілдікпен қорландыру ұсынылған жағдайда қарызды теңгеге айырбастау, сондай-ақ төлемдердің мерзімін ауыстыру мүмкіндігі қарастырылады.
Бұдан басқа, сыртқы факторлардың кері әсері күшейген жағдайда тиісті іс-шараларды өткізуді және мониторингті күшейтуді талап ететін жобалар үшін watch-list жасалды.
Сонымен қатар, қаржыландырылатын жобалар бойынша қамтамасыз ету талаптарын төмендету мақсатында, ҚДБ өзінің кепілдік саясатына және басқа да ішкі актілеріне өзгерістер енгізеді.
Сондай-ақ, жаңа қаржыландыру құралдарын қолдана отырып, жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі пайда болды. Әңгіме екінші деңгейдегі банктерді (ЕДБ) нарықтық инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруға тарту, сондай-ақ ЕДБ-мен және басқа да кредиторлармен бірлесіп, ҚДБ-ның инвестициялық жобаларын синдикатталған қаржыландыру туралы болып отыр. Бұл ретте ҚДБ ұйымдастырушы банк ретінде қатысатын болады.
Айта кететіні, қазіргі уақытта ҚДБ қашықтықтан жұмыс істейді, алайда барлық негізгі және қолдаушы бизнес-үдерістер әдеттегі режимде жұмыс істеуде. Барлық байланыс ақпараты Банк сайтында жарияланған – https://www.kdb.kz/contacts/, байланыс телефондары - +7 (7172) 79 26 79, +7 701 110 7007
«Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнесті де назардан тыс қалдырған жоқ.
Ағымдағы жылдың 15 сәуіріндегі жағдай бойынша, «Даму» қоры кепілдік беру құралы арқылы 111 жобаға 4,28 млрд теңге кредит сомасына қолдау көрсетті. Берілген кепілдіктердің сомасы 1,650 млрд теңгені құрайды. Қор 2 010 жобаға кепілдендіру жобалары бойынша 58,5 млрд теңге кредит сомасына қайта құрылымдау ұсынуды келісімдеді, кепілдік сомасы - 26,3 млрд теңге.
Субсидиялау құралы бойынша 35,4 млрд теңге кредит сомасына 245 жаңа жобаға қолдау көрсетілді. 1603 субсидиялау жобасы бойынша 121,9 млрд теңге сомасына қайта құрылымдау ұсыну Қормен келісілді.
Сондай-ақ, Қор жобаларды қайта құрылымдау туралы өтінімдерді қарауда жеңілдетілген процеске көшті. Бүгінгі таңда, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша жобаларды қаржыландырудың қолданыстағы шарттарына өзгерістер енгізу жөнінде бір реттік шешімдер қабылдануда.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі субсидиялау бойынша қайта құрылымдау туралы өтінімдерді қарау мерзімі 5 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқартылды. ТЖ кезеңі аяқталғаннан кейін кредиттік ұйымдар қайта құрылымдаудан өткен қарыз алушылар бойынша субсидиялау шартына қосымша келісімдер пулын ұсынуы қажет.
Кепілдік беру бойынша да қайта құрылымдау туралы өтінімдерді қарау мерзімі 5 күннен қысқартылып, 6 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады. Бұл ретте кәсіпкерлердің қаржылық есептілігі талданбайды, мониторинг есептері жасалмайды және олар «Даму» қорының уәкілетті органында қаралмайды.
Карантин кезінде байланыс орталықталығының 1408 нөміріне және Қордың damu.kz сайтына жүгінушілер саны 50%-ға өсті. Жыл басынан бері 16 мыңға жуық қоңырау шалынып, сайтқа 13,4 мың өтініш келіп түссе, оның 9,4 мыңы карантин кезіндегі қоңыраулар мен өтініштер. Көбінесе, кәсіпкерлер төтенше жағдай кезінде ШОБ-ты қолдау бағытындағы дағдарысқа қарсы шаралар жайлы білгісі келген.
Қордың өңірлік филиалдарында менеджерлер кәсіпкерлерге online.damu.kz және egov.kz электрондық порталдары арқылы ЕДБ немесе қаржы ұйымдары мақұлдағанға дейін жобаларын сүйемелдеу бойынша қашықтықтан кешенді қолдау көрсетуде. «Даму» қоры барлық мемлекеттік қолдау шараларын толық көлемде жалғастыруда.
Сондай-ақ, Холдингтің басқа еншілес ұйымы – Қазақстанның инвестициялық қоры (ҚИҚ) ШОБ үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтатты. Нақтырақ айтқанда, үстіміздегі жылдың 20 наурызынан бастап ҚИҚ Қазақстандағы төтенше жағдай мен карантин кезеңінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін жылжымайтын мүлік объектілері бойынша жалға алу төлемдерін айыппұлсыз және өсімпұлсыз, 3 айға шегеру арқылы есептеуді тоқтатты. Байланыс ақпараты https://ifk.kz/contacts/ сайтында жарияланған. Байланыс телефондары - +7 (7172) 559-422 (вн. 322; 323, 326).
Анықтама ретінде:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Озық корпоративтік басқару стандарттарына сәйкес келетін және әртараптандыру, жаңашылдықты қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің басты институты. Холдингтің құрамына «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметі
[xfvalue_img]