АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ
Көкшетауда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықовтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаевтың және облыс активінің қатысуымен семинар-кеңес өтті.
Кездесу барысында облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Рүстем Танабаев ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыныстар бойынша ақпаратты жеткізді.
Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында Көкшетау қалалық сотының үкімімен бюджет қаражатын ұрлағаны үшін Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, оның орынбасары, сондай-ақ басқарма бөлімінің басшысы кінәлі деп танылды. Әр адамға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарудың, бюджет қаражатын жұмсауға нақты жоспарлаудың және мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жүйесінің болмауы салдарынан мүмкін болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар Департамент басшылығының баяндамасында атап өтілгендей, тек кінәлі тұлғаларды анықтау және жазалауға ғана шектелмейді. Міндеті өңірлік деңгейде мемлекеттік саясатты іске асыру кіретін барлық құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар алдын алу сипатындағы шаралар жүйесін әзірлеуге және іске асыруға тікелей және белсенді түрде қатысуы қажет. Сыбайлас жемқорлықты жою үшін барлық азаматтардың, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшілердің өз еркімен білдіруі қажет.
Естеріңізге сала кетейік, әрбір анықталған сыбайлас жемқорлық қылмысы мен құқық бұзушылық олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау тұрғысынан талданады, олардың нәтижелері бойынша оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Өткен жылы мемлекеттік органдарға 194 осындай ұсыныс енгізілді, оның ішінде әкімдікке - 43. Ұсыныстардың нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қолданбағаны үшін 45-дан астам лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша Департаменті
[xfvalue_img]