Қазақ-Орыс Халықаралық университеті лицензиядан айырылуы мүмкін
Ағымдағы жылғы 5 қараша күні "Қазақ-Орыс Халықаралық университеті" Халықаралық жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен әкімшілік іс материалдарын қарау мерзімі университеттің өтініші бойынша екі мәрте ұзартылғандығын айта кеткен жөн.
Ағымдағы жылғы 29 қазан күні Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрайымының ұйғарымымен университеттің заңды өкілі істің қаралатын орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабардар етілді. Университеттің заңды өкілі келген жоқ, осыған байланысты істі заңды тұлғаның қатысуынсыз қарау туралы шешім қабылданды.
Тексеріс қорытындысы бойынша осы қаулы күшіне енген сәттен бастап аталған оқу орнына қатысты 1 ай мерзімге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша лицензиясын тоқтата отырып, әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылды.
Заңды тұлғаға аталған ескертулерді жоюға 1 ай берілетіндігін айта кеткен жөн. Бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, аталған оқу орнын лицензиядан айыру үшін материалдар сотқа жіберілетін болады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
[xfvalue_img]