Нарвикте Қазақстан мен Норвегия арасындағы жүк теміржол қатынасын құру мәселелері талқыланды
Таяу болашақта Норвегияның солтүстігіндегі Нарвик кемежайы трансевразиялық транзит пен көлік дәлізіндегі маңызды буын болуы мүмкін.
Бұл туралы Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов Нарвик қаласына жасаған сапары шеңберінде айтылды. Осы қаланың Мэры Руне Эдвардсенмен және кемежайының Бас директоры Руне Йохан Арнёймен кездесулер өтті.
Нарвик кемежайы теміржол арқылы Швециямен байланысқан, ал соңғысы, өз кезегінде, Финляндиямен және, әрі қарай Ресей арқылы, Қазақстанмен және Қытаймен байланысады.
«Теміржол транзиті Еуропа мен Азия арасындағы саудаға жаңа мүмкіндіктерін ашты. Теңізбен салыстырғанда, бұл тәсіл тауар жеткізілу мерзімін 3-4 есе азайтады. Нарвик кемежайы, әсіресе Норвегияның арқан балық пен басқа да балық өнімдерін экспорттаудағы жетекші орнын ескергенде, тауарларды қабылдау мен жөнелту саласындағы жаңа маңызды орынжайға айналатынына аса үміттенеміз. Ал Қазақстан, өз кезегінде, Скандинавия елдеріне астық экспортын ұлғайта алар еді», - деп айтты Елші.
Нарвик кемежайының басшылығы транзиттік көлік пен логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында Қазақстанға жақын арада баруға ниет білдірді. «Біз Қазақстан үшін «Атлант қақпасы» бола аламыз», - деді келіссөздер барысында кемежай директоры Руне Йохан Арнёй.
Нарвик муниципалитетінің басшылығымен өткен кездесу барысында тараптар Нарвик пен Қазақстанның бір аймағы арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға келісті. Бұл үшін ықтимал жобалардың тізімін дайындау қажеттілігі бар. Қазақстан үшін Нарвиктің көлік пен логистика, су мен жел энергетика, техникалық білім алу, мәдениет пен спорт салаларындағы әлеуеті қызығушылық тудырады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]