Татуға еліктеу үрдісі өршіп барады
Мен білетін жалғыз сұлулық - денсаулық. Генрих Гейне
Әлемнің үш дүркін чемпионы және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әйелдер боксінің хас шебері Назым Қызайбайдың Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде қытайлық боксшыдан жеңіліс тапқанына үлкен өкінішпен қабылдадым. Осыдан көп бұрын Назымның оң жақ иығынан басталып, білегін бойлап салынған татуировканы (қазір көбіне қысқаша «тату» деп аталып жүр) көріп секем алғаным есімде болатын. Осы жеңілістің себептерінің бірі «оның денесіне дарыған татудың бояуларынан-ау» деген ой сап ете түсті. Өйткені инемен тесіп салынатын татудың денеге даритын бояулары адам ағзасына едәуір зиян келтіретіні маған ежелден белгілі болатын. Сонымен қатар татудан адам ағзасындағы нерв жүйесіне де зақым келеді. Ол спортшының реакциясын (жылдамдық, серпіліс қабылетін) бәсеңдетеді деген сөз. Реакцияның бәсеңдеуі спортшының шеберлігін тежейтіні анық ақиқат. Жалпы алғанда, татудың адам ағзасына тигізер зардабы аз емес. Сондықтан да мен жастардың денесіндегі татуға мүлдем қарсымен, оған ертеден наразылық білдіріп келемін. Осы көрер көзге сөкет құбылыс, зиянды үрдіске бұдан 4 жыл бұрын алаңдаған күйімде жазылған «Жас алаш» газетінің бетінде жарық көрген «Денедегі тату - күнәға бату» деп аталған мақалам қалың қауымның назарына ұсынылған болатын. Өкінішке орай, мақалаға мән берген жастардың саны аз болса керек. Елімізде денеге татуировка салдыру үрдісі күннен күнге өршіп, кең таралып келеді. Өкінішке қарай, бұл зиянды да келеңсіз «тату-улану» деп аталу керек құбылыс күннен күнге қанатын кең жайып, денелеріне сурет салдырып, сөйлем жаздырған жастардың қатары көбейіп, «татуировка эпидемиясы» деген бейнелі ұғымның пайда болуына себеп болды. Бірде, автобус ішінде, шамасы 13-14 жастағы баланың жанына отырдым. Байқасам, денесіне татуировканы мол салдырған екен. -Татуды салдырғанда ауырта ма? - деп сұрадым. Ол: - Ия, ауыртады - деп жауап берді. - Онда неге салдырдың ? – деген сұрағыма ол жауап бермеді. Байқасам, ол тату төңірегіндегі әңгімені жақтырмады. Сондықтан татудың зияны жәйлі айтуға мүмкіндік болмады. Татуировканы адам денесіне салдыру себептері қандай және оның келеңсіз тұстары мен зияны неде? – деген сауалға кеңірек жауап беруге тырысайық. Біріншіден, бұл әлеуметтік ортаның әсері. Жастар әсіресе танымал мәдени тенденцияларға бейім. Атақты музыканттар, спортшылар, актерлер, блогерлер және басқа да қоғамдық тұлғалар денесіндегі татуировканы мақтана көрсетуге ынталы. Бұл үрдіс заманауи көзаулар мен көңілаулар «мәдениеттің» бір бөлігіне айналды. Әлеуметтік медиа бұл процесті мейілінше күшейтуде: фотосуреттер мен бейнелер үнемі жаңа үлгілерді жасап, баршаға ұсынады. Сондықтан кейде татуировка жасау туралы шешім терең жеке сенімнен емес, белгілі бір стильге немесе науқанға сәйкес келу ниетінен туындайды. Қазіргі жастар арасында татуировкаға деген қызығушылықтың артуына шетелдік мәдениеттің, әлеуметтік желілердің және спорт әлемінің де ықпалы көп. Назымның өзінің де айтуы бойынша, татуды денесіне салдырар бұрын американдық спортшылардың денесіндегі татуларды көріп, қызығып, еліктегенін жасырмайды. Бұл мысал адамның сыртқы бейнесіне деген, қоршаған орта мен көрген үлгілердің әсерімен өзгеруі мүмкін екенін аңғартады. Мысалы, Назымның татуға құштарлығы құбылыстың бір қырын көрсетеді: бүгінгі жаһандану дәуірінде спортшылар мен жастар әлемнің әр түкпіріндегі мәдени үрдістерді тез қабылдайды. Дегенмен кез келген сыртқы үрдісті қабылдамас бұрын оның мәні мен салдарын түсіну маңызды. Өйткені денеге түсірілген сурет - уақытша сән емес, ұзақ уақытқа сақталатын таңдау. Және ең бастысы, кімде кім татуды денесіне салдырар бұрын оның адам ағзасына тигізер кеселін жіті түсініп алғаны жөн. Сонымен, медициналық тұрғыдан алғанда, татуировка - арнайы иненің көмегімен терінің ішкі қабатына бояуды сіңдіруді білдіреді. Егер сияны теріге дарыту процесінде қандайда болмасын пенде айқын ауыршаңдықты сезінбесе де, дене осы сәтте едәуір күйзеліске ұшырайды. Иммундық қорғану жүйесіне арналған дене бітіміндегі теріні тесу - бұл емдеуді қажет ететін жара, ал пигмент түйіршіктері - жойылуы керек бөгде зат. Бояу теріге түскенде, дене оны бөтен зат ретінде қабылдайды. Бұған жауап ретінде ол иммундық жасушаларды осы аймаққа жібереді. Сондықтан татуировкадан кейін тері қабынған немесе сезімтал болуы мүмкін. Медициналық қоғамдастықтың пікірінше, адам ағзасына бірде-бір бөгде араласудың пайдасы жоқ, тіпті стерильді құралдармен тексерілген шебердің жұмысы толық қорғауға кепілдік бермейді. Ең жиі кездесетін салдарлар -қоздырғыштары қан арқылы берілетін аурулар (СПИД (қазақша ЖИТС), мерез, В және С гепатиті), сондай-ақ құралдарды дұрыс пайдаланбаған кезде ағзаға санқилы микробтар енгізілуі мүмкін. Бұл инфекциялар қауіпті, себебі олар әртүрлі ауруларға, соның ішінде сепсиске әкеледі. Өкінішке орай, бояудың тазалық деңгейін анықтаудың сенімді әдісі жоқ. Қызару мен төмпешіктер түріндегі аллергиялық бөртпе татуировканы қолданғаннан кейін бірден, тіпті бірнеше айдан кейін де пайда болуы мүмкін. Неғұрлым агрессивті инфекциялар жоғары температураны, қалтырауды тудыруы мүмкін. Оларды емдеу бірқатар антибиотиктерді қолдануды қажет етуі мүмкін, ал ауыр жағдайларда ауруханаға жатқызу, содан кейін хирургиялық араласуды талап етеді. Көптеген жылдар бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар қара сия ең қауіпті болып саналады деген қорытындыға келді. Қара татуировка стилі адам ағзасына ең зиянды әсер етеді. Сонымен қатар, терінің түсінің өзгеруі меланоманың (қауіпті қатерлі ісік) алғашқы белгілерінің бірі болып табылады. Татуировка денеде рак(обыр) клеткаларының қарқынды дамуын тудыратын көптеген қосылыстар жасайды. Медициналық зерттеулер көрсеткендей, ағзаға енгізілген ауыр металдардың бөлшектері жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйелеріне үлкен зиян келтіреді, сонымен қатар сүйек тініне, асқазан-ішек жолдарына және басқа мүшелерге жағымсыз әсер етеді. Ғалымдар татуировкасы бар адамдар терісі таза адамдарға қарағанда ашуланшақ және импульсивті (аяқасты ойланбай жасалған іс-әрекеттер, қадамдар) болатындығы жәйлі қорытындыға келді. Сонымен, қорытындылай келе, татуировканың зиянды екені ғылыми анық тұжырым. Сондықтан ізгілікті қоғам татуировкаға қалай қарсы тұруы керек? Мәселенің әуелгі шешімі - саналы таңдау мәдениетін қалыптастыру керек. Осы жерде отбасы мен мектептің рөлі ерекше. Жасөспірімге «татуировка жасатпа!» деп бұйрық беруден бұрын оның не себепті оған қызығатынын түсінуге тырысқан дұрыс. Ашық әңгіме, медициналық тұрғыдан дұрыс ақпарат және өз шешімінің салдарын ойлау дағдысы - кез келген тыйымнан тиімдірек тәрбие құралы. Ақпараттық мәдениет те маңызды. Әлеуметтік желі адамның таңдауына ықпал ететін заманда жастар көрген әрбір сәнді үрдісті қайталауға міндетті емес екенін түсінуі керек. Сән өзгереді, адамның көзқарасы да өзгереді. Ал денеге жасалған тұрақты өзгеріс ұзақ уақытқа сақталады. Сондықтан дұрыс шешім асығыс эмоциямен емес, жақсылап ойластырылған жауапкершілікпен қабылдануы тиіс. Татуировка мәселесінде қоғамның міндеті - адамдарды сыртқы келбетіне қарап айыптау емес. Ең бастысы - адамның денсаулығын қорғау, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және жастардың саналы таңдау жасауына жағдай жасау. Оны шешудің тиімді жолы - білім, медициналық сауаттылық, отбасы тәрбиесі және жеке жауапкершілік. біз жастарға тек «болмайды» деп тыйым салмай, «неге?», «қандай салдары болуы мүмкін?», «бұл шешімді неге қабылдап отырсың?» деген сұрақтарды ойлануды үйретуіміз қажет. Татуировкаға қатысты ең дұрыс ұстаным - соқыр еліктеу де емес, соқыр тыйым да емес. Ол - саналы таңдау. Өйткені адамның денесі мен денсаулығы - сәннің уақытша талабынан әлдеқайда маңызды. Ал шынайы мәдениет - өз таңдауыңның салдарын түсініп, оған жауап бере білуден басталады. Жастық шақ – адамның болашағын қалыптастыратын ең маңызды кезең. Осы уақытта қалыптасқан әдет пен өмір салты кейінгі өмірге үлкен әсер етеді. Сондықтан бүгінгі жастар үшін салауатты өмір салтын таңдау – өз денсаулығына ғана емес, болашағына деген жауапкершілік.
Салауатты өмір дегеніміз - зиянды әдеттерден аулақ болу. Бұл - қоғамның болашағы үшін маңызды. Өйткені дені сау, білімді әрі жауапты жас ұрпақ қана елдің дамуына үлес қоса алады. Салауатты өмір салтын таңдау - сәнге еру емес, саналы шешім. Өз денсаулығын бағалай білген жас өз болашағын да бағалайды. Сондықтан әрбір жас «денсаулық - өз қолымда» деген түсінікті өмірлік ұстанымға айналдыруы қажет.
Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]
