Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемдік маңызы

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемдік маңызы

«Жақсы кітаптар оқу - бұл өткен уақыттағы ең жақсы  адамдармен сөйлесу». Рене Декарт

Ұлы ойшыл қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тек қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік көркем сөз өнерінің аса биік жетістіктерінің бірі болып танылған. Бұл шығармада XIX ғасырдағы қазақ қоғамының тарихи болмысы, ұлттық тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік қайшылықтары, рухани мәдениеті мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тұлғалық қалыптасу жолы мейлінше ауқымды эпикалық суреткерлікпен бейнеленген. Роман-эпопея қазақ халқының өмірін мейлінше көлемді, терең де шынайы суреттеп қана қоймай, оның тарихи санасын, ұлттық дүниетанымын және рухани құндылықтарын көркем әдебиет арқылы шартарапқа кең таратқан бірегей туынды ретінде бағаланады. «Абай жолы» роман-эпопеясының дүниеге келуі ұзақ жылдарға созылған өте күрделі шығармашылық ізденістің жемісті де жеңісті нәтижесі. М.Әуезов бұл шығарманы жазуға кіріспес бұрын Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Сонымен қатар архивтік құжаттарды, тарихи деректерді, халық ауыз әдебиеті үлгілерін, этнографиялық материалдарды және өз дәуірінің жазба ескерткіштерін кеңінен пайдаланды. Осындай мол деректік негіз бен ғылыми ізденіс романның тарихи шынайылығы мен көркемдік құндылығын барынша арттырды. Бұл аса күрделі де мейлінше ауқымды шығарманың жазылу тарихын баянды зерделеу тек оның көркем дүниеге келу жолын анықтау ғана емес, сонымен бірге М.Әуезовтің жан-жақты ізденісін, тарихи деректерді көркемдік тұрғыдан игеру әдістерін, жазушының мол құжаттарды ғылыми талдау тәсілін және қазақ әдебиетіндегі роман жанрының даму ерекшеліктерін аңғаруға мүмкіндік береді. Әсіресе белгілі әдебиеттанушы ғалымдар Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Қажым Жұмалиев, Рымғали Нұрғали, Мекемтас Мырзахметұлы және Тұрсын Жұртбай ғылыми еңбектері эпопеяның қалыптасу кезеңдерін кешенді де толық ашуға маңызды дереккөз болып табылады. Сондықтан да «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихын ғылыми тұрғыдан терең де  ауқымды зерттеу қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Бұл тақырып М.Әуезовтің шығармашылық жолындағы қалыптасып жетілу процесін, Абай сынды рухани биік те біртуар ірі тұлғаны, мейілінше күрделі тарихи адамды көркем бейнелеу шеберлігін және қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби мол қорына қосқан ауқымды үлесін жетік түсінуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихындағы Абай шығармашылық мұрасын терең де жүйелі түрде зерттеп, ғылыми айналымға енгізген көрнекті ғалым ретінде танылды. Егер Абай қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы болса, М.Әуезов оның әдеби, фәлсафалық және тарихи тұлғасын әлемге танытқан білімдар ғалым-зерттеуші. Ол Абай мұрасын жинау, жариялау, текстологиялық салыстыру, ғылыми талдау және көркем бейнелеу жұмыстарын қатар жүргізді.

М.Әуезов Абай шығармашылығымен жастайынан танысты. Оның атасы Әуез Абаймен жақын араласқан адамдардың қатарында болды. Ол ұлы ақын туралы көптеген әңгімелерге «құлақ асып» өсті. Болашақ жазушы бала кезінде-ақ Абай өлеңдерін тыңдап, ақынның өмірі туралы көптеген ауызша деректерге қанық болды. Бұл оның болашақ шығармашылық бағытын айқындаған маңызды факторлардың бірі еді. 1920-жылдардың өзінде М.Әуезов Абайдың өмірбаянын анықтау мақсатында Семей өңіріне бірнеше ғылыми сапар жасап, ақынның ұрпақтарымен, көзін көрген шәкірттерімен және замандастарымен аса қажетті сұхбаттар өткізді. Ол Көкбай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Кәкітай Ысқақұлы және басқа да “көзкөрген” куәгерлерден мәнді естеліктер тыңдап, маңызды мәліметтер жинады. Бұл деректер кейін ғылыми еңбектерінің және «Абай жолы» роман-эпопеясының басты тарихи негізіне айналды. М.Әуезовтің алғашқы ірі еңбектерінің бірі Абай шығармаларының мәтіндерін жинақтау болды. XX ғасырдың басында Абай өлеңдерінің көптеген нұсқалары халық арасында қолжазба күйінде таралған еді. Сол себепті әртүрлі көшірмелер арасында айырмашылықтар орын алатын. Зерттеуші көптеген қолжазбаларды салыстырып, олардың түпнұсқаға барынша жақын мәтіндерін анықтауға күш салды. Ол Абай шығармаларының ғылыми басылымдарын дайындауға белсене қатысты. Әсіресе 1933 жылғы толық жинақтың жарық көруі қазақ әдебиеттануы үшін өте маңызды оқиға болды. Бұл басылымда М.Әуезов ғылыми редактор ретінде еңбек етіп, ақынның өмірбаянын да жазды. Ол бірнеше мәрте Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып, оны жаңа архивтік және ауызша деректермен толықтырып отырды.  М.Әуезов Абай шығармашылығын әртүрлі ғылыми қырынан зерттеді. Ол ақын поэзиясының негізгі тақырыптарын анықтап, олардың көркемдік жүйесін талдады. Ғалым зерттеулерінде Абайдың қазақ әдебиетін келелі жаңартудағы рөлі, шығыс әдебиетінің ықпалы, орыс классикалық әдебиетімен байланысы, фәлсафалық көзқарастары, ағартушылық жаңашылдығы, ақынның өмірдің нақтылығына сүйенген шынайылылық әдісі, тілдік және стильдік ерекшеліктері мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Оның пайымынша, Абай қазақтың жазба әдебиетінің жаңа дәуірін келелі еңсеріп тастаған классик болып танылды.  Сонымен, М.Әуезовтің зерделі зерттеулерінің нәтижесінде Абайдың өмірбаяны ғылыми тұрғыдан жүйеленді, ақын шығармаларының академиялық мәтіні қалыптасты, “Абайтану” ғылымының негізгі берік іргетасы қаланды, қазақ әдебиеттануында текстология мен деректанудың жаңа әдістері дамыды. Ғалымның архивтік ізденістері, текстологиялық жұмыстары, ғылыми мақалалары мен монографиялары және «Абай жолы» роман-эпопеясы бір-бірімен тығыз байланысып, “Абайтану” зерттеу саласының ғылыми негізін қалыптастырды. Ол Абайды тек ұлы ақын ретінде ғана емес, қазақ халқының рухани жаңғыруының символы ретінде танытты. Жазушының Абай мұрасын зерттеудегі еңбегі қазақ ғылымының аса ірі жетістіктерінің бірі. Соның нәтижесінде “Абайтану” дербес ғылыми салаға айналып, көптеген оқу орынындарында жеке пән ретінде қабылданды. Абай шығармашылығы әлемдік деңгейде таныла бастады. Сондықтан М.Әуезовтің “Абайтану” саласындағы мұрасы қазіргі әдебиеттану ғылымының маңызды қайнар көздерінің бірі болып қала береді. Ол жоғарғы оқу орындарында Абай шығармашылығы бойынша арнайы дәрістер оқып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Ғалымның ғылыми мектебін кейін Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметұлы, Рымғали Нұрғали және басқа белгілі әдебиеттанушылар жалғастырды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының дүниеге келуі қазақ әдебиеті тарихындағы ең ірі шығармашылық құбылыстардың аса құндысы да бірегейі. Оның жазылуына жазушының ұзақ жылдарға созылған ғылыми ізденісі, архивтік зерттеулері, Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерделеуі және халық арасынан жиналған тарихи деректер негіз болды. Сонымен қатар Ресей мен Қазақстан архивтеріндегі ресми құжаттарды, патша әкімшілігінің материалдарын және ескі басылымдарды зерттеді. Жазушы алғашында Абай туралы пьесалар мен ғылыми мақалалар жазды. Осы шығармашылық тәжірибе кейін күрделі роман жазуға ауқымды негіз қалады. Романның алғашқы кітабы 1942 жылы жарық көрді. Кейін екінші кітап 1947 жылы, үшінші кітап 1952 жылы, ал төртінші кітап 1956 жылы басылып шықты. Осылайша жиырма жылдан астам уақытқа созылған шығармашылық еңбек нәтижесінде төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы толық аяқталды. Роман жазу барысында М.Әуезов тарихи шындық пен көркемдік шеберлікті үйлестіруге ерекше көңіл бөлді. Ол Абайдың өмір жолын ғана емес, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын, рулық қатынастарды, билік жүйесін, әдет-ғұрыпты, халықтың тұрмыс-тіршілігін кең көлемде бейнеледі. Сондықтан шығарма жеке тұлғаның өмірбаянының шеңберінен асып түсіп, тұтас та толқыған халықтың тарихи шытырман оқиғаларға толы тағдырын суреттейтін кең ауқымды панорамалық эпопея дәрежесіне көтерілді. М.Әуезовтің шығармашылық қағидасы  - өмір шындығын көркем бейнелеу, тарихи оқиғалар мен адам тағдырын сөз өнері мен әдеби даму заңдылықтарына сай суреттеу: өмірді шынайы көрсетіп, қоғамдағы тарихи кемшіліктер мен әділетсіздіктерді ашық сынға алу болып табылады. Ол нақты тарихи деректерді көркем қиялмен ұштастырып, қазақ қоғамының XIX ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік болмысын кең көлемде бейнеледі. Бұнда халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдері де үйлесімді қолданылған. «Абай жолы» роман-эпопеясында М.Әуезов тарихи тұлғаларды өмірдегі шынайы болмысынан алшақтатпай, олардың ішкі жан дүниесін, неқилы күйзелістерін, жалпылама дүниетанымын терең де әсерлі етіп көрсетеді. Абайдың қалыптасу жолы жеке адамның өмірбаяны ретінде ғана емес, тұтас халықтың рухани жаңғыруының көрінісі ретінде суреттеледі. Сонымен қоса, оның шығармашылық әдісінің маңызды сыры - деректілік пен көркем қиялдың өзара үйлесуі болып табылады. Тағы да айта кетер болсақ, ол архив материалдарын, тарихи құжаттарды, Абайдың өз шығармаларын, замандастарының естеліктерін, халық аузындағы әңгімелерді кеңінен пайдаланып, оларды көркем шығарма заңдылығына сәйкес келтірген. Шығармадағы көптеген оқиғалар нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған. Соның нәтижесінде тарихи шындық пен көркемдік шынайылылық табиғи нанымды тұтастыққа айналды. “Кеңестік” кезең Қазақстан үшін бір жағынан - өнеркәсіптендіру, білім мен ғылымның дамуына жол ашқан дәуір болса, екінші жағынан - ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, ұлттық мәдениетті шектеу, экологиялық апаттар және адам құқықтарының өрескел бұзылуы сияқты ауыр зардаптармен ерекшеленді. М.Әуезов XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының ұлттық жаңғыру идеясын қолдады. Ол Алаш қайраткерлерімен тығыз араласып, олардың басылымдарына мақалалар жариялады. Кеңес өкіметі нығыз орныққаннан кейін бұл өткен саяси кезең оған ұзақ уақыт бойы биліктің сенімсіздікпен қарауына себеп болды. 1930 жылы М.Әуезов «ұлтшыл ұйымға қатысты» деген айыппен қатыгез ОГПУ (Объединённое государственное политическое управление - Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) тарапынан тұтқындалып, Алматы абақтысына қамалды. Тергеу бірнеше айға созылып, оған “Кеңестік” билікке қарсы әрекет жасады деген айыптар тағылды. 1932 жылы қамаудан босатылғанымен, ол «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде өз «көзқарастарынан» бас тартқанын білдіретін ашық хат жариялауға мәжбүр болды. Зерттеушілер бұл хаттың сол кезеңдегі саяси қысым жағдайында жазылғанын атап көрсетеді. Бостандыққа шыққаннан кейін де жазушы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының бақылауында болды. Оның әрбір шығармасы мұқият тексеріліп, идеологиялық талаптарға сәйкестігі сарапталынып отырды. Сонымен, сол дүрбелең кезеңдердегі  заңсыз қысым көрсету әрекеттерінің салдарынан М. Әуезовтің басына түскен ауыр сынақтар аз болған жоқ: саяси қуғын-сүргін, абақты, идеологиялық қыспақ, цензура және үздіксіз бақылау оның шығармашылық талпыныс-ізденістерін ауырлатты. Кеңестік кезеңде барлық шығармалар «социалистік реализм» идеология талаптарына сай болуы тиіс еді. Сондықтан М.Әуезов көптеген туындыларын бірнеше рет қайта қарап, кейбір тұстарын өзгертуге мәжбүр болды. Бұл оның шығармашылық еркіндігін шектеді. 1951–1953 жылдары Қазақстанда ұлттық тарихты зерттеген ғалымдарға қарсы саяси науқан жүрген кезде М.Әуезовке де «ұлтшылдық» айыбы тағылды. Ол Мәскеуге кетуге мәжбүр болып, сондағы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. Бұл кезеңде Қазақстанға оралуының өзі қауіпті еді. Соған қарамастан, ол қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген «Абай жолы» роман-эпопеясын дүниеге әкелді. Оның тағдыры – жеке адамның ғана емес, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының күрделі тарихи кезеңінің көрінісі. М.Әуезов қиындықтарға мойымай, ұлттық руханиятты сақтап, кейінгі ұрпаққа баға жетпес әдеби мол мұра қалдырды. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген дарынды да бірегей туынды. Бұл шығарма қазақ халқының XIX ғасырдағы қоғамдық өмірін, салт-дәстүрін, рухани мәдениетін және ұлы ақын Абай тұлғасын кең эпикалық тыныспен бейнелеген шығарма ретінде халықаралық әдеби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Романның алғашқы кітаптары орыс тіліне аударылғаннан кейін шығарма Кеңес Одағынан тыс елдерге де кеңінен тарады. Роман дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылып, шетелдік ірі суреткерлер мен сыншылар тарапынан биік баға алады. Осылай қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістікке шығуына зор мүмкіндік жасалып, роман қазақ әдебиетінің жауһары ретінде мойындалды. 1959 жылы М. Әуезовке «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. “Кеңестік” заманда бұл шығарманың көркемдік құндылығы мен тарихи маңызын мойындаған ең беделді марапаттардың бірі болды. Романның Лениндік сыйлыққа ие болуы және көптеген шетелдік зерттеушілердің назарын аударуы оның көркемдік құндылығы мен жалпыадамзаттық маңызын айқын дәлелдейді. Бүгінде шығарма қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің классикалық мұраларының қатарынан берік орын алған. Бүгінде «Абай жолы» әлемнің көптеген университеттерінде түркітану, шығыстану және әлем әдебиеті пәндері аясында оқытылып, ғылыми зерттеулердің маңызды нысанына айналды. Шығарма қазақ халқының рухани болмысын, ұлттық дүниетанымын және гуманистік құндылықтарын әлем жұртшылығына танытқан мәдени мұра қызметін атқаруда. «Абай жолы» тек қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік эпикалық прозаның да көрнекті жетістіктерінің бірі. Оның бүкіл әлемдік мойындалуы М. Әуезовтің суреткерлік дарынын ғана емес, қазақ халқының бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде танытқан тарихи жәдігер болып табылады. М.Әуезов қазақ әдебиетін аса жоғары деңгейге көтерген ұлы суреткер. Оның шығармалары ұлттық рухты, тарихи сананы және адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін мәңгілік мұра болып қала береді. Оның әдеби және ғылыми еңбектері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алтын қорын құрайды. Ол ұлттық прозаны жаңа биікке көтеріп, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тұрмысын және рухани дүниесін көркем әдебиет арқылы терең танытқан ұлы жазушы, драматург, ғалым және қоғам қайраткері. Қаламгер қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің де көрнекті өкілі. М.Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі ең үлкен еңбегі «Абай жолы» роман-эпопеясы екені анық. Бұл шығарма қазақ әдебиетін дүниежүзіне танытып, қазақ романының көркемдік деңгейін әлемдік классика дәрежесіне жеткізді. Роман арқылы XIX ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік өмірі, салт-дәстүрі, билік жүйесі, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани болмысы жан-жақты бейнеленді. М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы ұлттық әдебиеттің дамуына ғана емес, жалпы адамзаттық мәдениетке де қомақты үлес болып саналады. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының дүниеге келуі қазақ әдебиеті тарихындағы аса ірі шығармашылық әрі тыңғылықты ғылыми ізденістің нәтижесі. Ол тарихи шындық пен көркемдік қиялдың үйлесімін сақтай отырып, XIX ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси, рухани және мәдени келбетін жан-жақты бейнелей алды. Роман-эпопеяның жазылу үдерісі кеңестік идеологияның қысымы мен цензура жағдайында жазылғанына қарамастан, жазушы Абай тұлғасының гуманистік, ағартушылық және ұлттық идеяларын көркемдік тұрғыдан терең ашуға қол жеткізді. «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы Мұхтар Әуезовтің шығармашылық тәсілдерін, ғылыми ізденіс әдістерін және тарихи деректерді көркем игеру ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл еңбек қазақ халқының тарихи жадын сақтап, ұлттық рухани құндылықтарын әлемге танытқан теңдессіз әдеби ескерткіш ретінде өз маңызын ешқашан жоғалтпайды. «Абай жолы» тек көркем шығарма ғана емес, XIX ғасырдағы қазақ қоғамының тарихи-этнографиялық энциклопедиясы ретінде де сипат алады. Бұл шығарма қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл қазынасы әрі әлем әдебиетіндегі көрнекті эпопеялардың бірі болып саналады. «Абай жолы» роман-эпопеясын академик Қаныш Сәтпаев «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп сипаттаған. Сөз зергері, классик жазушы Ғабит Мүсірепов: «Абай жолы» романдары қазақ-совет прозасының қалыптасуына көмектесумен бірге, шығарма алдына қойылар талап дәрежесін жаңа бір биікке көтерді» - деп жазған. Әлемнің көрнекті жазушылары мен әдебиеттанушылары да романға жоғары баға берді. Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Бұл роман – бүкіл түркі тілдес халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан үлесі. «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз, біздің ұлан байтақ Еуразия кеңістігіндегі бүкіл бастан кешкен заманымыз тура келген бүкіл тауқыметіміз үшін өз қазынамыздың жүйесін, өзіміздің көркемдік және адамгершілік дүниемізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді жасап, қол жеткізе алған бүкіл игіліктеріміз үшін берілген”-деп баға берді. Орыс жазушысы К.Федин: “М. Әуезов өзінің «Абайымен» менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ боп кеткен тәріздімін» - деген жылы лебізін білдірді. Француз жазушысы Луи Арагон: «Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын» - деп, аталмыш туынды туралы аса жоғары бағасын берді. Неміс жазушысы Альфред Курелла: «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіздің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген бейнелердің өзі!»-деп, әсірелі де әділ бағасын берген. Бұндай шынайы үлкен бағалар сөздің құдіретін терең түсінетін және оны көлемді көмкерген қаламгердің суреткерлік кемел шеберлігін айқындап тұр. М. Әуезовтің: «Жазушының ең ауыр жүгі – халық алдындағы жауапкершілік» - деп өзі айтқанындай «Абай жолы» роман – эпопеясы осы айнымас қағидатының заңғар таудай нәтижесі. Аталған мақсат-ұстаным ұлы тұлғаның халқына өмір бойы адал қызмет ету жолындағы  тұрақты да бекем «кредосы» болғандығын айқын аңғартады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Абай мен М.Әуезовті ұлт рухының егіз символы ретінде бағалап, былай жазған болатын: «М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. ...Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. ...Әр қазақтың төрінде Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс».

Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.