Тіл түсіністікке қызмет етуі керек!

Тіл түсіністікке қызмет етуі керек!

Әр адамның ана тіліне деген қатынасынан, оның мәдени деңгейі ғана емес, азамат ретіндегі бағасы да аңғарылады. К.Паустовский

Кейбір саналары толықсымаған орыстілді жастар (қазақтың басым көпшілігі деуге де болады) бір нәрсеге, немесе құбылысқа, көңілдері толмай, оларды кемісітінкіреп келте  сипаттағысы келсе: «Да это колхозбайское», «Да это аулбайское» (қазақша-«бұл қолхозбайшылық», «бұл ауылбайшылық») дегендерді ауыздарына алады. Өкінішке орай, қазіргі қалалық контексте бұл екі сөз жөнсіз талғаммен, артта қалушылықпен және әдептіліктің болмауы синониміне айналды. Осы келеңсіз құбылыстың себептерін ашуға тырысайық. Тіл тек дүние шынайылылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамның адамдар мен құбылыстарға деген көзқарасын қалыптастырады. Қоғамдық қабылдаудың өзгеруінің бір мысалы - "колхоз, колхозшы" сөздері. Колхоз - бұл қысқартылған орысша «коллективное хозяйство» түсінігін береді. Қазақша - "ұжымдық шаруашылық". КСРО-да (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы - 1922 жылдан 1991 жылға дейін Еуразияда өмір сүрген, әлемдегі аумағы ең үлкен социалистік мемлекет)  бұл ауылшаруашылық бірлестігінің негізгі нысаны болды, онда шаруалар өндіріс құралдарына (техника, мал, жер және тағы басқаларға) бірлесіп иелік етіп, жұмыс істеген уақыттың саны мен сапасына байланысты алынған кірісті бөлісті. Биліктің пайымдауы бойынша шаруа қожалықтарының ірі қоғамдық өндіріске жедел біріктірулігі астық мәселесін қысқа мерзімде шешу құралы ретінде қарастырыла бастады. КСРО-дағы ұжымдастыру ауыр әлеуметтік-экономикалық салдары бар жедел науқанға айналды. Биліктің негізгі қателіктері қатарында зорлық-зомбылық әдістері, ең тәжірибелі шаруашылықтарды жою (иеліктен шығару); шаруалардың еңбекке деген ынтасының болмауы және жаппай аштық болды.  Сондай-ақ, сол қатуыл кезеңдерде "Үш масақ заңы" енгізілгенін ескеру қажет, онда қазыналық астықты ұрлағаны үшін нақты мерзімдер ғана емес, сонымен бірге «кінәліні» ату да қарастырылған. 1932 жылғы 7 тамыздағы Орталық атқару комитеті және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің бұл репрессиялық ережесінің ресми атауы: "Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздар мен кооперативтердің мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы заң". Ашына айта кетер болсақ,  Қазақстандағы «колхоздандыру» саясаты қазақ халқы үшін алапат трагедияға және ұлттық демографиялық апатқа әкеліп соқты. Дәстүрлі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы күштеп жойылып, малдар тәркіленді (кәмпескелеу). Салдарынан қазақ халқының басым бөлігі (шамамен 3 миллионға жуық адам немесе халықтың жартысынан көбі) аштықтан және оның ілеспе ауруларынан қырылды. Ашаршылықтан құтылу үшін жүздеген мың қазақтар еріксіз Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға босып кетуге мәжбүр болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан мал шаруашылығы мәдениеті, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жойылу шегіне жетті. Бұл тарихи оқиға Қазақстан тарихындағы ең ауыр әрі қаралы кезең болғаны анық. Колхоздардағы өмір сүру деңгейі мен еңбекті механикаландыру өте төмен болды.  Десек те, бірте-бірте колхоз шаруаларының экономикалық және қорғаныс күшін нығайту үшін көп нәрсе жасағанын атап өткен жөн, бұл Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан кейінгі кезеңдерде көрінді. Бастапқыда «колхоз, колхозшы» сөздері өзіндік бейтарап мағыналарына ие болып, ұжымдық ауылшаруашылық кәсіпорын мен колхозда жұмыс істейтін адамды білдірді. Алайда, уақыт өте келе бұл сөздер әлеуметтік-мәдени құнсыздануына ұшырап, ауызекі тілде жиі кемісітілетін түсінікке ие болды. Кезеңінде колхоз бен колхозшылар қоғамның маңызды бөлігі болып саналды. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету олардың басты мақсатына айналды, ал ауыл еңбеккерінің бейнесі әдебиетте, кинода және бұқаралық ақпарат құралдарында мейілінше жағымды сипатпен аталып өтіліп, осы еңбекте жоғары жетістікке жеткендері бүкіл одақтық даныққа бөленді. Ал осы еңбекте үздік жетістікке жеткендер «Социалистік Еңбек Ері» атағымен марапатталатын. Колхозшылар арасындағы Социалистік Еңбек Ері атағын нақты алғандар саны 12,5 мыңнан астам адамды құрап, КСРО тарихында осы атақпен марапатталғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне тиесілі болған. Қазақстан бойынша Социалистік Еңбек Ері атағын 1,9 мыңнан астам адам ие болды. Олардың басым көпшілігі (шамамен 90 пайызы) ауыл шаруашылығы қызметкерлері - колхозшылар, шопандар, звеновойлар, колхоз төрағалары және тағы басқалары. Ал Елімізде колхозшылар арасынан Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте иеленген Ыбырай Жақаев және Жазылбек Қуанышбаев болатын. Олар ауыл шаруашылығындағы ерен еңбегі үшін осы атаққа екі рет лайық деп танылды. Сол кезеңдерде "колхозшы" сөзі еңбекқорлықпен, төзімділікпен және өз ісіне берілгендікпен байланысты қарастырылғанымен, әлдебір қала тұрғындарының түсінігі бойынша олар басқаларға қарағанда төменгі орында тұратын және құқықтары шектеулі екендігі аңғарылатын. Кеңес заманында белгілі себептермен колхоз мүшелеріне паспорт (төлқұжат) берілмейтін, сондықтан да олар үшін қалаға көшіп баруға және жұмысқа орналасуына мүмкіндік болмайтын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін колхоздарға деген көзқарас мүлдем өзгерген болатын. Көптеген ұжымдық шаруашылықтар өмір сүруді тоқтатты, ал «колхозшы» бейнесі ескірген өмір салтының белгісі ретінде қабылдана бастады. Бұл процеске урбанизация әсері үлкен болды. Қоғамдық санада қала біліммен, жетістікпен және қазіргі кең ауқымды жетілген заманмен байланысты бола бастады, ал ауылдық жерлер көбінесе артта қалушылық пен шектеулі мүмкіндіктер кеңістігі ретінде қабылданды. Осының салдарынан «колхоз» бен «колхозшы» сөздері кәсіпті немесе әлеуметтік мәртебені білдіру үшін емес, дамуы мен білім дәрежесі төмен немесе заманауи емес деп саналатын кәсіп пен төменгі сатыдағы адамның сипаттамасы ретінде қолданыла бастады. Мұндай қолдану сөз мағынасының мүлдем өзгеруі тілдік және мәдени кемісітушіліктің көрінісі болды. Ал шындап келсек, миллиондаған колхозшылардың еңбегінің арқасында Кеңес мемлекетінің ауыл шаруашылығы дамып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Қалаларға ауылшаруашылық өнімдері (дәнді дақылдар, сүт-май, ет және тағы басқа азық-түлік)  үнемі жеткізіліп тұрды. Ауыл адамдары әлі де қалаларға әрқилы азық-түліктерді жеткізіп жатқаны анық. Ал «ауыл» қазақта қасиетті ұғым саналады: «Ауылым - алтын бесігім» - деп бекер айтылмаған. Сонымен қатар, көптеген көрнекті ғылым, мәдениет және саясат қайраткерлері ауылдық ортадан шыққаны белгілі. Ауылдық еңбек адамның бейтарап сипаты қорлануға айналғанда, бұл белгілі бір әлеуметтік топқа деген алалаушылық пен құрметсіздіктің қалыптасуын көрсетеді. Осылайша, "колхоз, колхозшы, ауылбай" сөздерінің әлеуметтік-мәдени құнсыздану тарихи өзгерістердің, урбанизацияның және әлеуметтік стереотиптердің таралуының салдары болды. Алайда, еңбек адамдарына құрметпен қарау және ауыл тұрғындарының тарихи маңыздылығын түсіну мұндай алалаушылықты жеңуге көмектеседі. Осыған орай, біздің жастар кемістіктерді сипаттау үшін «колхозбайшыық, ауылбайшылық» деген сөздерді қолданбағаны жөн болар еді. Сөздер әлеуметтік бөліну құралына айналмай, адамдар арасындағы түсіністікке қызмет етуі абзал. Осындай қоғамдық кемшіндік түсінік ана тіліміз - қазақ тіліне де орасан нұқсан келтіріп келе жатқанына жанымыз түршігеді, ішіміз ашиды, қанымыз қайнайды. Бірақ қоғамымыздағы осы келеңсіз құбылыс уақтылы еңсеріліп, ұлтжанды да саналы азаматтарымыздың қатары көбейіп, туған Елімізде көптен күткен патриоттық жағымды өзгеріс түпкілікті жеңер – ау деген қуанышты кезеңді үлкен үмітпен күтеміз.

Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.