Заң мәтіндеріндегі кебір сөздердің анықсыздығы хақында
Сөздердің мағынаны білдіруі жеткілікті.
Конфуций (551 – 479 б.з.д.ж.)
Француздың атақты философы Рене Декарт: «Сөздердің мағынасын дәл анықтау арқылы сіз адамзатты қателіктердің жартысынан құтқарасыз» - деген екен. Өте тамаша ой – пайым! Бұдан: «Егер неғилы пенделер күнделікті пайдаланып жүрген сөздердің нақтылы мағынасы туралы уақтылы келісе алса, олар өздерінің қиындықтарының жартысынан құтылар еді» деген тұжырым да туады. Әмсе солай болғай! Осыған орай, алдымен «сөз» туралы сөз қозғайық. Сонымен, «сөз» - жеке ұғымды білдіруге қызмет ететін тілдің ең кіші бөлігі. Ғылыми қолданудағы «сөз» түсінігі лингвистика ғылымындағы негізгі ұғым болып табылады. Сондықтан да «сөз» ғалымдардың назарынан түспейді және олардың әрдайымғы зерттеу тақырыбы болып саналады. Сөздің лексикалық мағынасы - бұл оның ішкі мағынасы, біздің санамызда пайда болатын зат, әрекет немесе құбылыс туралы жалпы қабылданған түсінік: ол бір сөзді екіншісінен ажыратады және түсіндірме сөздіктерде бекітілген түрінде қабылданып, қолданылады. Сөздердің мағыналарын дұрыс анықтау-бұл заттың немесе құбылыстың мәнін көрсететін семантикалық (ұғымдық) мазмұнды бекіту, бұл қарым-қатынастың анықтығын қамтамасыз етеді, шатасудың алдын алады және мәтіндерді дәл түсінуге көмектеседі. Ұғымдардың дұрыс анықтамасы-бұл заттың немесе құбылыстың маңызды белгілерін көрсететін сөздің мазмұнын дәл ашу. Бұл шатасудың алдын алады, терминологияның біртұтастығын қамтамасыз етеді және айтылғандардың мағынасын, әсіресе нақты контексттерде дұрыс түсінуге және бірбеткей пайдалануға мүмкіндік береді. Дұрыс анықтама сөздің пәндік мазмұнын сипаттайтын лексикалық мағынаға негізделген. Сөздің лексикалық мағынасы - оның негізгі мағынасы, бір сөзді басқалардан ажыратуға мүмкіндік беретін тақырып, құбылыс, әрекет немесе белгі туралы әлеуметтік бекітілген түсінік. Бұл ғылыми зерттелген және түсіндірме сөздіктерде бекітілген тілдегі рөлін анықтайтын сөздің мазмұны. Ал тұжырымдамалық анықтама - бұл сөздің мазмұнын ашатын, оны басқалардан ерекшелейтін заттың немесе құбылыстың маңызды белгілерін көрсететін логикалық әдіс. Ол жеке терминның мағынасын бекітеді және оның ішінде жалпы ұғым мен түрлердің айырмашылығын түсіндіреді. Анықтама сөздің мағынасын, оның лексикалық мағынасын және қолдану мән-мәтінін түсінуге көмектеседі. Осыларды айта келе, ертеден көңілімді алаңдатып жүрген мәселе туралы ой қозғағанды жөн көріп, пайымымды назарларыңызға ұсынып отырмын. Бұл сұрақтардың бірен-сараны: Күнділікті қолданып жүрген сөздеріміздің заты мағынасына сай ма, ал мағынасы затына сай ма? Кейбір сөздер өз мағынасына сай келмесе, оларды түзеу үшін қандай жолдарды таңдағанымыз дұрыс? Осы талқыда, ең бастысы қашанда: «Намысқа тарту - қасиетті парыз» - деп түсінгеніміз жөн, ағайын! Барша қазақ бар күш-жігерімізді салып, ана тіліміздің аясын кеңейтіп, сөз қорын ұлғайтып, түсінігін нақтылап, гүлдендере көркейтіп, құрметін арттырып, күнделікті қолданысын жандандыруымыз - қастерлі міндет. Айта кетер жәйт, мен филолог немесе қазақ тілі маманы емеспін. Мен заңгермін, сонда да, ана тіліміз-қазақ тілі мәселелерінің барлық салалары мені қызықтырады да ойландырады. Сол ойдан туған осы мақаланы сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Сонымен, әуелі ой-толғанысымызды кең қолданыстағы заңнан бастайық. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 1 бабында былай жазылған: « 1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 13) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер; 36) туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар». Біріншіден, бұл Заңда отбасы, жанұя мүшелерінің бас-басына, жеке-жеке арнайы түсініктеме берілмеген. Сондықтан қазақ тілінің түсіндірме сөздіктеріне назар аударайық.
Сонымен, ана тіліміздің кейбір нақтыланбаған сөз-түсініктерін лингвистика ғылымы тәсілімен талдап, оңтайлы да абыройлы жолдарын тапқанымыз абзал болар деген мақсатты басшылыққа алайық. Бірінші күдік: ол қолданып жүрген сөздеріміз бен сөздіктерде қайшылықтар кезігеді. Мысалы, Заң мәтініндегі «ата», «ата-ана», «апалы-сіңлілер» сөздеріне көңіл аударайық. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты дайындаған көлемді «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бойынша: 1. АТА зат. 1. Туған әке, өз әкесі. (Қазақ ССР-нің «Ғалам баспасы, Алматы-1974, 1 том, 415 бет); АТА-АНА зат. Әке-шеше ( 418 бет). Енді осы сөздіктегі мына жолдарға назар аударыңыздыр: 1. ӘКЕ зат. 1. Балалы болған ер адам. Абайдың өз әкесі –Құнанбай, атасы - Өскенбай, арғы атасы-Ырғызбай (М.Әуезов, Әр жыл.) - айқындаған-автор Н.С.). Енді екінші көлемді сөздікке зер салайық. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты дайындаған «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» 2-ші томы бойынша: АТА зат. Туған әке, өз әкесі. ( Арыс, Алматы, 2006, 82 бет); АТА-АНА зат. Әке-шеше. (87 бет). Қайшылықты байқасаңыздар - ғұлама ойшыл, атақты жазушы, ғалым, академик М.Әуезов талданып отырған сөздердің ара-жігін айқындап, түсінігін анықтап, бізге өте дұрыс нұсқа-үлгілерді беріп отыр епес пе?! «Абайдың өз әкесі –Құнанбай, атасы – Өскенбай...» бұдан артық қалай талдауға болады: әкенің түсінігі «әке», атаның түсінігі «ата». Бұнда ешқандай екұшты түсінік жоқ. Айдан айқын. Ал сөздіктер мен Заңда қайшылықтар неге туындаған? Түсіну қиын.
Айта кетер болсақ, менің ойымша, талданып отырған сөздерге дұрыс түсінік берген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті дайындаған 1-томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». Сөздіктің 65 бетінде былай жазылған: АТА 1. Әкесінің әкесі, үлкен әке. Бірақ сөздіктің 66 бетінде: АТА-АНА әке-шеше – деп берілген. Сонда «ата-ана» мен «әке-шеше» бір-ақ түсінік беріп тұр ғой. Бұл дұрыс па? Әрине, жоқ. Бұл «тавтология», немесе ашық күнде адасу, адамдарды шатастыру. Ұлы М.Әуезовтан басқалары бұл сөздердің әрқайсыларының өзіндік қана мағана, түсініктеріне мән бермегендіктері анық. Оқырмандарға ескерте кететін бір жәйт: Қазіргі біздің қазақтардың көбісі қазақ тілінен гөрі орыс тіліне жүйріктеу, сондықтан тақырыптың мақсатын терең ашу үшін орыс сөздерін қолданғаныма реніш болмасын. Менің ойымша, ана тілімізде тілдесу сипаты, заң мәтіндері мен сөздіктерде аталған сөздердің құрылымы былай болуы ықтимал: ата-апа (дедушка-бабушка); әке-шеше немесе әке-ана (отец-мать); әпке-сіңілілер (сёстры). Заң мәтініндегі «ата-ана» деген сөзтіркес «отец-мать» деген түсінік беріп тұр, ал азаматтардың төлқұжаттары мен жеке куәліктеріне көз салсаңыз: «Әкесінің аты/Отчество» деп жазулы тұр. Куәлікте «атасының аты» деп түсінікті себептермен жазылмаған. Сонымен Заңда «үлкен атасы мен үлкен әжесі» деп те жазылған. Бұл нені білдіреді? Бұндай сөздер қазақ арасы қолданылмайды. Ал Заңда көрсетілген. Бірақ оларға түсініктеме берілмеген. Бұлардың бәрі заңда орын алмас қайшылықтар. Заң мәтіндерінің сөздері анық түсінік бермесе немесе оның түсініктемесі анық берілмесе қоғам мен құқық қолдану саласында талай зиянды дау-дамай туатыны анық. Өкінішке орай, аталған сөздер мен олардың түсініктемелері «Құқық саласының терминдер сөздігі» басылымында да орын алмаған.
Аталған ақтаңдақтар мен қайшылықтарға ғалымдар мен халық қалаулылары – депутаттардың назарларын аудара отыра, келешекте бұл маңызды мәселелер дұрыс шешімін табады деген үміттемін. Әр сөздің тек өзіне ғана тән түсініктерін нақтылап айқындау, оларды жаңылыспай, дұрыс мағынасында қолдану көғам мен заңнама аясында өте маңызды екені айдан анық.
Өте кең тараған, танымал С.И.Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігіндегі «ата, әке, ата-ана» сөзідеріне орысша мынадай түсінік берілген: « ДЕД, -а, м. 1. Отец отца или матери (144 стр); ОТЕЦ м. 1. Мужчина по отношению к своим детям ( 230 стр.); РОДИТЕЛИ, Отец и мать (по отношеню к детям)-628 стр). Анық та, қанық - «екіұштылық» жоқ түсініктер.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты дайындаған « Орысша-қазақша сөздікке» де көңіл бөле кетейік. ДЕДУШУКА м. 1. баба, ұлы ата; нағашы ата; үлкен ата ( 180 бет). М.Әуезовтың үлгісімен бұл сөзге «ата» деген бір-ақ аударма сөзімен бере салудың орнына, синоним сөздерін шұбырта қаптатқан. Сонда қайсысы дұрыс, қай сөзді қолданамыз? Менің ойымша, синоним сөздері деп танылатын сөздер сөз қорының мәнін төмендететіні анық. Шындығында, әр сөздің өзіне ғана тән сипаты, түсінігі болғаны абзал. Кейбірде, сөздіктерде бір сөз екінші сөзбен немесе бірнеше сөздермен «түсіндіріледі» де негізсіз «айналшықтау, сөзқуалау» сипаты орын алады. Бұл дұрыс деп ойламаймын.
Қазір біздің қазақтар «әке, ана, шеше, ата, апа, әпке» сөздерін қолданудан қалды. Өкінішке орай, басым көпшілігі әке-шешелері мен ата-апаларына «папа, мама, бабушка, дедушка» деп орысша тілдеседі. Осыдан елу жылдай бұрын болса да бір есімде қалған, маған ерсі көрінген жағдайды айта кетейін. Бірде Ақтоғай ауылында елге белгілі дәстүрлі әнші Сүлейменов Оралтай ағаның шаңырағында қонақта отырғанымызда, дауылпаз ақын, әнші, жыршы Иса Байзақовтың 50-лер шамасындағы Ертіс есімді ғалым баласы әкесі туралы әңгіме арасында «папам, папам» дегендері құлаққа жағымсыз естілді. Ол кісінің өз әкесін «әкем» дегені жарасымды болар еді.
Айтқандарды қорытындлағанда, ана тіліміз-қазақ тіліне бетімізді шынайы ниетімізбен бұрайық. Кемістіктерді болдырмайық. Ана тіліміздің келешегі, өміршеңдігі арта берсін! Қазақ қазақтығынан айырылмасын! Күніміз жарық, бағытымыз айқын, сөзіміз түсінікті, тіліміз анық болсын, ағайын!
Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]
