СҚО-да полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында отбасылық жанжалқойлармен кездесті
Солтүстікқазақстандық полицейлер 25 қарашада басталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы шеңберінде отбасыларының шырқын бұзып жүрген жанжалқойларға заң алдындағы жауапкершілік туралы айтып, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді еске салды.
Алғашқы кездесу Петропавл қаласындағы № 8 учаскелік полиция пунктінде өтті. Статистикаға сәйкес, дәл осы аумақта тұрмыстық құқық бұзушылықтар саны көбірек тіркеледі. Полиция қызметкерлері осыған дейін үйлерінде жанжал шығарғаны үшін бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылған 20-ға тарта ерлермен және әйелдермен кездесті.
Тәртіп сақшылары оларға биылдан бастап ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру сияқты құқық бұзушылықтар құрамы Қылмыстық кодекске көшірілгенін еске салды. Енді отбасында қол көтеруді әдетке айналдырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ кездесуге арнайы шақырылған «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің СҚОФ басшысы Жанат Мұхамеджанов пен Психикалық денсаулық орталығының психологы Ирина Якимова да жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Олар жанжалқойларды өмір салтын өзгертуге, алкогольден бас тартуға, балаларына үлгі болуға шақырды.
Кездесуге жақындарының тағдырына алаңдайтын адамдар да келді. Мәселен, № 8 учаскелік полиция пунктіне 33 жастағы баласы маскүнемдікке салынған қала тұрғыны келіп, ерікті немесе мәжбүрлі емдеуді қалай ұйымдастыруға болатындығын сұрады.
«Бүгінде облыс бойынша барлығы 466 отбасылық жанжалқой, 3105 маскүнем есепте тұр. 10 ай ішінде отбасылық тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 2 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылды. Осындай кездесулер басқа полиция пункттерінде де өткізілмек, профилактикалық жұмыс күнделікті жүргізіліп тұратын болады», - деп нақтылады СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]