Елордалық сақшылар Президенттік көпсайыстан жүлделі орындарға ие болды
Ағымдағы жылдың 28-30 шілдесі аралығында Алматы қаласында Президенттік көпсайыс бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 233 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты.
Президенттік көпсайыс - дене шынықтыру мен спортты насихаттау, сондай-ақ азаматтардың спорттық даярлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған маңызды іс-шара.
Чемпионат барысында Астана қаласы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың полиция қызметкерлері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Жарыс қорытындысы бойынша, полиция капитаны Ізбасар Мұсабеков 32-39 жас топ санатында 100 метр қашықтыққа жүгіруден – 1 орынға, 1 км қашықтыққа жүгіру мен ұзындыққа секіруден – 2 орынға ие болды.
Сонымен қатар, күш гимнастикасы мен ұзындыққа секіру бойынша – 3 орын, 100 метр мен 1000 метр қашықтыққа жүгіру бойынша – 2 орын полиция майоры Айнагүл Байжігітоваға бұйырды.
Сондай-ақ, 18-23 жас аралығында кішi лейтенант Айхат Ибрашов 100 метр мен 1000 метр қашықтыққа жүгіруден – қола, ұзындыққа секіруден – алтын медаль жүлдегері атанды.
Команда капитаны, әрі жаттықтырушысы болған полиция майоры Рустем Тургуновтың қойған қатал тәртібі мен талаптарының арқасында, спортшылар жалпы командалық есепте 3 орынды иеленіп, Қазақстан полициясының абыройын асқақтатты.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік спортшылар арнайы марапаттармен және дипломдармен марапатталды.
Пресс-служба ДП г.Астаны
[xfvalue_img]