Астанада қызметтік иттің көмегімен жоғалған бала табылды
Кіші инспектор-кинолог полиция сержанты Нұрсұлтан Санжар, Дан есімді итімен Иманов көшесіндегі аулалардың бірінен 5 жасар баланы іздеп тапқан.
Белгілі болғандай таңғы уақытта 102 арнасына жоғалған бала туралы хабар келіп түскен. Қоңырау шалған баланың анасы баласын аулада ойнап жүрген жерінен таба алмай қалғанын айтып жүгінген. Әйел баланы өз бетімен іздеп көргенімен, іздеу нәтиже бермеген.
Жедел қоңырау қабылдаған тәртіп сақшылар бірден жылдам әрекетке көшіп, кәмелетке толмаған баланы іздеуді дереу ұйымдастырған. Полицейлер баланың болуы мүмкін барлық жерлерді тексеруге кіріскен. Бұл жерде қызметші итпен бірге кинолог инспекторлар да баланы іздеуге жұмылған. Баланың киімінен шыққан иіске қарап, ит иісті бірден қабылдап алған. Біраз уақыттан кейін Дан, иіс арқылы баланың ізіне түсіп, іздей бастаған. Нәтижесінде ол полиция қызметкерлерін бала жүрген үйдің аумағындағы ойын алаңына апарған. Тәртіп сақшыларына хабарласқан баланың анасы көмек көрсетіп, ұлын жедел іздестіргені үшін полицейлерге ерекше алғысын білдірді.
Неміс овчаркасы Дан, полиция бөлімшесінің кинологиялық қызметінде 4 жылдай қызмет етуде. Ит бақылау жұмыстарына жақсы үйретілген және иіс ізін пайдаланып адамды іздеуге әбден дағдыланған.
Елордалық сақшылар аулада ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген балалардың адасып кететін жағдайлар жиі орын алатынын атап өтті. Бұған дейін де қызметтік ит Дан тұрғын үйдің ауласынан шығып кеткен 5 және 7 жастағы екі ұл баланы тапқанын қуана айтуға болады.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]