АДАЙ, ҚОСТАНАЙ ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМДАРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ ЕМЕС, ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
«JORYQ» Республикалық ат спорты федерациясының басшысы Бақытжан Тұрлыбековтың Қазақстандағы шет ел мемлекеттерінің Төтенше және Өкілетті Елшілерімен кездесу барысында командалардың «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесіне қатысу мәселесін талқылау одан әрі жалғасуда.
Атап айтқанда, Б.Тұрлыбеков Сауд Арабиясы Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал ӘЛ-ҚАХТАНИ-мен, Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукармен, Қырғызстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеевпен, сондай-ақ Өзбекстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен жеке кездесу өткізді.
Кездесулер барысында әлемде теңдесі жоқ «Ұлы Дала Жорығы» жобасы туралы сөз қозғалып, 2024 жылы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері кеңінен әңгіме болды. Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық дипломатиялық өкілдіктер мен ұйымдармен байланыс орнатуда ерекше қолдау көрсетуде.
Б.Тұрлыбеков дипломаттарды өз елдеріндегі ат спорты Федерацияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуға және «Ұлы Дала Жорығына» қатысатын командаларды жасақтауға көмектесуге шақырды.
Биыл қазақтың Адай және Қостанай жылқы тұқымдары әлемге әйгілі араб тұлпарларымен, иранның «Сағидар» жылқысымен, «қырғыз» тұқымымен, өзбектің «Қарабайыр» жылқысымен, түрікменнің Ақылтекесімен, моңғол жылқысымен және әлемге әйгілі тағы басқа жылқы тұқымдарымен күші мен төзімділігін сынау мүмкіндігіне ие болмақ.
Өз кезегінде Сауд Арабиясы, Иран, Қырғызстан және Өзбекстан елшілері «JORYQ» ат спорты федерациясының барлық бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.
[xfvalue_img]