СҚО полицейлері 8 ай ішінде «102» арнасы арқылы 89 947 хабарлама қабылдады
Полицияға уақтылы жүгіну қылмысты «ізін суытпай» ашу ықтималдығын едәуір арттырады. Жыл басынан «102» жедел арнасына қылмыстық құқық бұзушылық туралы 89 мың 900-ден астам телефон хабарламасы келіп түсті. Олардың 30 мыңнан астамы жедел әрекет етуді талап етті. Олардың ішінде ұрлық бойынша – 990, алаяқтық әрекеттері бойынша – 758, отбасылық жанжалдар бойынша – 1505, түнгі уақытта тыныштықты бұзу бойынша – 1283 қоңырау тіркелді. Хабарламалардың басым бөлігі кешкі сағат алты мен түнгі сағат үштің аралығында келіп түседі екен.
«102» арнасына телефон хабарламаларын қабылдаумен қатар жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойы бейнекамералар арқылы көшелердегі тәртіпті бақылап отырады. 8 ай ішінде көшелерде, қиылыстарда және алаңдарда орнатылған камералардың көмегімен 10.320 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Олардың жартысынан көбі жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері. Мұндай 8207 бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішудің 2 мыңнан астам фактісі анықталды.
«Жедел басқару орталығының операторлары ҚР ІІМ-нің ресми мобильдік қосымшасы болып табылатын «102» бағдарламасы арқылы полицияға азаматтардың хабарламаларын қабылдауды жалғастыруда. Қосымшаны App Store және Google Play дүкендерінде өз құрылғысына кез-келген қолданушы тегін жүктей алады, — дейді Петропавл қ. полиция басқармасының ЖБО бастығы полиция майоры Қайырбек Баймөнкенов. - Жыл басынан аталмыш байланыс арнасы бойынша мәтіндік хабарламалар мен медиа файлдар түрінде 153 хабарлама келіп түсті. Басым бөлігі – жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша. Келіп түскен хабарламалардың 117-сі бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Облыс орталығындағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін күн сайын жүздеген полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қамтамасыз етеді. Полицейлер стационарлық бекеттерге, жаяу және автопатрульдерге бөлінген. Құқыққа қайшы әрекеттер орын алған жағдайда тәртіп сақшылары азаматтарға кез келген ыңғайлы жолмен дереу полицияға хабарласуға кеңес береді.
Юрий Клыков
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]