Маңғыстауда жыл басынан бері 1,2 млрд. теңге мемлекет қаржысы үнемделді
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті сатып алынатын тауарлар мен қызмет түрлері құнының нарық бағасынан жоғары болмауын бақылауда. Нәтижесінде жыл басынан бері 1,2 млрд. теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы үнемделді.
«Өңірде мемлекеттік сатып алуларды тиімсіз жоспарлайтын мекемелер бар. Бір ғана мысал, Түпқараған аудандық білім бөліміне қарасты мемлекеттік балабақшалардың бірі 32,1 млн. теңгеге 3 дана принтер сатып алуды жоспарлаған. Яғни, принтердің бір данасын 10,7 млн.теңгеден сатып алуды көздеген. Алайда, жоғарыда көрсетілген тауардың нарықтағы құны 100 мың теңгені құрайтыны анықталды. Департаментпен енгізілген ұсыным хаттың негізінде мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, 31 млн. теңге қаражат үнемделді», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин.
Айта кетейік, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алатын тауар немесе қызметтерінің бағаларына мониторинг мемлекеттік сатып алудың жоспарлау сатысында және нарықтық көрсеткіштермен салыстыру арқылы жүргізіледі.
[xfvalue_img]
1 пікір