416 қазақстандық ғалым «Болашақ» бағдарламасы аясында үздік шетелдік ЖОО-лар мен әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында «Ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтіп жатыр.
Отандық ғалымдар бағдарлама шеңберінде әлемнің 24 елінен 148 жетекші ғылыми орталықта, ЖОО мен салалық ұйымда зерттеудер жүргізуде. Қазақстандықтардың таңдауы көп түсетін елдердің қатарында – АҚШ пен Ұлыбритания. Ғалымдар Колумбия университеті, Лондондағы Империал колледжі, Джон Хопкинс университеті, Макс Планк институты және т.б. жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.
«Қазақстандық ғалымдардың халықаралық зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін мемлекеттің қолдауымен грант алуға бірегей мүмкіндігі бар. Аталған мақсатта жыл сайын 500 грант бөлінеді. Қазіргі кезде ғалымдарды жаңадан іріктеуді өткізу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп, ғылыми тағылымдамалардың сапалы бағдарламаларын әзірлеу үшін отандық ЖОО-лар мен ғылыми орталықтарға шетелдік серіктестермен байланыс орнатуға көмектесіп жатырмыз», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Қазақстандық мамандар робототехника, жасанды интеллект, ақпараттық киберқауіпсіздік, криптография, нанотехнологиялар және т.б. сұранысқа ие мамандықтар бойынша тағлымыдамадан өтіп жатыр. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасының басым мамандықтар тізімі тағлымыдамадан өтуге арналған 158 мамандықты көздейді.
Айта кетейік, биылғы жылы үміткерлерге қойылатын талаптар, құжат қабылдау мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланатын болады.
[xfvalue_img]
1 пікір