Қызылордада сотталған азаматтар қияр, қызанақ өсіріп жатыр
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесі сотталғандардың еңбек етуіне мүмкіндіктер қарастырылған.
Мекеме әкімшілігі кәсіп ашамын деген жеке кәсіпкерлерді түзеу мекемесі аумағында жеке кәсібін ашуға шақырып, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуда. Соның нәтижесінде сәуір айында мекеменің өндіріс аумағында жеке кәсіпкер Жақсыбай Есбергенов жылыжай кешенін ашты. Аумағы 350 шаршы метр жерге шілде айында қызанақ, қияр,болгар бұрышы, аскөк, көгөністерінің тұқымы егіліп, қазіргі таңда өнімін беруде.
Жеке кәсіпкердің айтуынша жылыжайда барлық жағдай жасалған. Жылыжайдың ішіндегі температура 25-26 градусқа дейін жетеді. Жылыжайдың ішіне жылу батареялары орнатылып,тоқ көзін үнемдейтін жарық шамдар қондырылған. Орталықтандырылған жүйеден су құбыры тартылған. Жазасын өтеуші азаматтардың ынталы еңбек етуі арқасында жақсы өнім беріп, шыққан өнімдер сауда орындарына жеткізілуде.
«Жаза басып, жаңылып, абайсызда қылмыс жасап, жазамды осы мекемеде өтеп жатырмын. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері жылыжайға жұмысқа орналастырды. Егіншілікке біртабан жақынмын. Бостандықта бау-бақша өсірумен айналысқанмын. Соның әсері шығар, қияр, қызанақ өсіру маған таңсық емес. Баптап, күтіп, уақытылы суарып отырса, өнімі жақсы береді. Жылыжайда қысы-жазы жұмыс жасаймыз. Айлық жалақымыз да уақытылы, мемлекет алдындағы берешегімнен артылғанын отбасыма жіберіп отырмын»,-деді сотталған Арман.
Дана Достанова
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
[xfvalue_img]