СҚО полицейлері ресейлікке туысын тауып алуға көмектесті
Солтүстікқазақстандық полицейлердің атына азаматтардан алғыс хаттар келіп түсуде.
53 жастағы бауырының бірнеше ай бойы қайда жүргенінен бейхабар болған РФ тұрғыны алғысқа толы хат жолдаған. «Туысымызды іздестіруде кәсібилік танытқандары және адамгершіліктері үшін отбасымыз Тайынша ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановқа, полиция майоры Фархад Есімовке және басқа да қызметкерлерге алғыс білдіреміз», – делінген СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың атына келген хатта. Нәпақасын табуға Тайыншадан Қарағанды облысына кеткен ер адам телефонын жоғалтып алып, туыстарымен хабарласпаған. Мән-жайды анықтау үшін полицейлердің бір апта бойы түрлі қызметтерге, жоғалған тұлғаның тағдыры жайлы хабардар болуы ықтимал деген ондаған адамдарға қоңырау шалуына тура келді. Ақыры тайыншалықтың жүрген жері анықталды, ол туыстарымен хабарласып, амандығын айтты. «Туыстық байланысын жоғалтқан адамдарды іздестіру көші-қон қызметі қызметкерлерімен дәл осылай, жұмыс кабинетінен шықпай жүргізіледі, - дейді аудандық ПБ бастығы Нұрлыжан Ақтанов. – Қиын да жауапты жұмыстың нәтижесі – қиын жағдайға душар болғандардың мәселесінің шешілуі».
СҚО ПД Instagram аккаунтына соңғы кезде петропавлдықтардан үш хабарлама келіп түсті. Онда адамдар жасалған ұрлықтарды «ізін суытпай» ашқандары үшін Петропавл қ. ПБ Екінші ПБ жедел-тергеу тобына алғыс білдірген. Үш жағдайда да жедел-тергеу тобы құрамында аға жедел уәкіл Асқар Омаров болған. Ол органдарда 10 жылдық өтілі бар, жүздеген қылмыстарды ашқан тәжірибелі қызметкер. Жүк көлігінен ұрланған шелек, базардан ұрланған тауарға арналған сөре, подъезден ұрланған құны 40 мың теңге тұратын балалар арбасы – барлық ұрланған заттар сол күні иелеріне қайтарылды.
Облыстық полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев адамдардың алғыстары қоғам мүддесі үшін және құқықтық тәртіпті сақтаудағы істерінде қызметкерлерді одан әрі ынталандыра түсетінін атап кетті.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]