Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет
Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі аса маңызды екендігін көрсетіп отыр.
Сондықтан, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев заманауи, стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыратын мемлекеттік аппаратты құру мәселесін назарынан тыс қалдырған емес. Бұл орайда, бірінші кезекте Елбасының бастамасымен көлемді әрі тиімсіз басқарудың әкімшілік тобы оңтайландырылып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайындағы саяси бағытын сапалы жүзеге асыра алатын мемлекеттік аппарат құру бағытында жұмыс жүргізіле бастады.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметінің институциялануының бастамасы ретінде 1995 жылы қабылданған заңдық күші бар «Мемлекеттік қызмет туралы» Елбасы Жарлығын атап өтуге болады. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің ішінде сол кездері мұндай инновациялық құжат қабылдаған алғашқы мемлекет Қазақстан болды. Бұл қадам мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын нығайтып, дамуының негізіне айналды.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесінде оқытудың инфраструктурасы қалыптастырылған, оның құрамына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы, өңірлік қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталықтары және тағы басқа білім беру мекемелері енеді. Жыл сайын орта есеппен қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында мемлекеттік қызметшілердің үштен бірі оқытылады, нәтижесінде үш жыл сайын мемлекеттік қызметшілер жүз пайыз оқыту курстарымен қамтамасыз етіледі.
Жаңа ғасырда – Қазақстанның алдында мықты экономика, саяси және әлеуметтік жүйені қалыптастыру бойынша жаңа міндеттер тұрды. Ол үшін қоғам сұраныстарына, заман талабына жауап беретін мемлекеттік қызмет моделін құру қажет болды.
Меритократия, тиімділік пен нәтижелік, транспаренттілік пен қоғам алдында есеп беру ұстанымдарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуын 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қамтамасыз етті. Аталған Заңға сәйкес, елдің бірыңғай кадрлық саясаты айқындалды, ал ең бастысы міндетті конкурстық іріктеуді енгізу арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметке түсудегі тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша Конституциялық құқықтары жүзеге асырыла бастады.
2000 жылы ел аумағында мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері құрылды.
Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік елдер арасында алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды.
Осының арқасында 2000 жылдардың басында Дүниежүзілік банк Қазақстанды ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныды.
Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік қызмет толығымен жаңартылып, заман ағымына орай реформаланды.
Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлігіне 15 қадамның енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Елбасының: «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін білдіреді. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастырылуы қажет.
Осы орайда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызмет саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл реформалардың басты мақсаты – автономды, шағын, нәтижеге бағытталған, қоғамның сұраныстарына жауап бере алатын кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бүгінгі күні елімізде штат бойынша 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер болса, ал біздің Шығыс Қазақстан облысымызда 4355 (нақты саны 3917) мемлекеттік қызметкер еңбек етуде.
Ұлт жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданып, мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестіретін заңнамалық база толығымен жаңартылды, меритократия принципіне негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауыстырылды. Мансаптық модель мемлекеттік қызметтен тыс адамдарға жоғары лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік бермейді, тек жылдар бойы тәжірибе жинаған, білімі мен біліктілігі сай мемлекеттік қызметкерлер ғана мансаптық өсу мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкердің беделі артып, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуге ниет білдірушілердің қатары жас мемлекеттік қызметшілер көбейіп келеді. Аймағымызда жылы 29 жасқа дейінгі 1628 мемлекеттік қызметші бар, мемлекеттік қызметшілерінің орташа жасы 40 жасты құрайды.
Зейнеткерлік жас алдындағы мемлекеттік қызметшілердің саны 136 адам (3%), зейнеткерлік жасқа жеткен және еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін 40 (1%). мемлекеттік қызметші бар. Сонымен қатар, адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды әйел адамдардың саны 2355 немесе 60% - ды құрайды, оның ішінде 506 қызметкер немесе 21% - ы басшы лауазымдарында.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін ең біріншіден барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажеттігі туралы талаптар басты назарда. Өйткені елеміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің отан сүйгіштігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметкер, ал мемлекеттік қыметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені айдан анық.
Бұл орайда, 3422 мемлекеттік қызметкердің жоғары білімі бар, бұл 87,3% құрайды, бұл ретте экономикалық, техникалық және заң білімі бар мамандар басым, оның ішінде 130 магистрант және 1 аспирант. 9 мемлекеттік қызметкердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 1-ғылым докторы, 8-ғылым кандидаты. Мемлекеттік басқару академиясын бітірген 7 қызметкер және "Болашақ"бағдарламасының 6 түлегіқызмет етуде.
Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте 17 ұлт өкілдері жұмыс істейді, оның ішінде қазақтар-86%, орыстар-12%, басқалары-2%.
Бұл орайда, жүргізілген реформалар халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін арттыруға, барынша ашық, қабылдаған шешімдері айқын мемлекеттік қызмет жүйесін құруға бағытталды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметке барынша қабілетті, өз қызметін адал да абыройлы атқаратын, жауапты, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында тынбай еңбек ететін азаматтарды тарту көзделген.
Ширек ғасырда қыруар жұмыс атқарылды, алайда Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында межеленген міндеттерге қол жеткізу үшін одан көп жұмыс атқару қажет. Ел егемендігін еселеу жолында әрбір мемлекеттік қызметші тынбай еңбек етсе, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болары сөзсіз.
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отан сүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен және кез-келген ортада үлгі болуы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі, бұл — жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады.
Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтаруы бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі бүгінгі күннің талабы болмақ. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті — мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Ең негізгісі, мемлекеттік қызметшілер халықтың сенімін ақтап, Отанға қызмет етуі керек. Сонда ғана біз дамыған отыз елдің қатарына енеміз. Мемлекеттік қызметкерлердің көтеретін жүгі ауыр.
Соған қарамастан олар күндіз-түні елге адал қызмет етіп келеді. Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуың үшін бойыңда кәсіби біліктілігіңнен бөлек адами құндылығың да жоғары болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналды.
Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететініміз анық.
Даму кезеңімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізіліп, уақыттың көші жылжыған сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарда барынша күшейтіліп келеді. Нәтижесінде бұл мемлекеттік қызметтің сапасының артуына мүмкіндік береді.
Жалпы мемлекеттік қызмет жауапты міндеттер жүктейтін, абыройлы лауазым болып табылады. Бүгінде әрбір арнайы-орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.
Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісінде міндеттерді іске асыру көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар, маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімі деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу мәселесі көтерілуде.
Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет деген ұсыныстарда алға тартылды.
Мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы, ол өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек. Заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстауға тәрбиелеу керек.
«Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады»- деген Елбасының сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс деп білемін.
Жанна Қабдолдақызы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
[xfvalue_img]
80 пікір