АШМ азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларын таныстырды
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын таныстырды. Бұл құжатты ҚР АШМ қыркүйек айындағы Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасын жүзеге асыру аясында дайындады
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, Үкіметке барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша импортты толық алмастыруға қол жеткізуді тапсырды.
Осы міндетке сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру жөніндегі Кешенді жоспар жобасын дайындады.
Жобаны Премьер-министр Асқар Маминге таныстыра отырып, АШМ басшысы Сапархан Омаров ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның ішінде 12 тауар бойынша ішкі нарық 100%-дан астам қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауарлары бойынша қамтамасыз етілу 80%-дан жоғары. Бұл FAO халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымының жіктемесі бойынша «өзін-өзі қамтамасыз» етудің жеткілікті деңгейі.
Тек 6 санат бойынша Қазақстан әзірше шетелдік өнімнен мүлдем бас тарта алмайды. Сондықтан кешенді жоспар жобасына – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық тауарлары бойынша шешу жолдары енгізілді.
Атап айтқанда, ішкі нарықты құс етімен толық қамтамасыз ету үшін 2023 жылдың соңына дейін жалпы жылдық қуаттылығы 285 мың тонна өнімді құрайтын 19 жаңа құс фабрикасы іске қосылады.
Құс етінің импортын алмастыру арқылы Қазақстанда жыл сайын шетелдік тауарға жұмсалатын шамамен 177 млн АҚШ долларын немесе 77 млрд теңгені елімізде сақтауға мүмкіндік алады.
ҚР АШМ сүт өнімдері импортын алмастыру бойынша да осындай шешу жолдарын ұсынып отыр. Яғни, жаңа тауарлы-сүт фермаларын ашу. Қазір ірімшік, сүзбе, қойылтылған және құрғақ сүт импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Отандық сүт зауыттары мұндай тауарларды шығара алады. Ол үшін сапалы тауарлық сүт шикізатын өндіруді ұлғайту қажет.
2020 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар ынталандыру шараларын іске қосты, соның арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің белсенділігі артты. Егер өткен жылдары маусымда тек 3-5 өнеркәсіптік сүт фермалары іске қосылса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 33-ке дейін көтерілді. Сондықтан кешенді жоспар жобасына жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беру бойынша индикативтік тапсырма енгізілді.
Шұжық өнімдерінің импортын қысқарту үшін ет өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру және фермерлерді мал тапсыруға ынталандыру үшін қаржыландыруды ұлғайту ұсынылады.
Сондай-ақ, Кешенді жоспар жобасына жаңа ет өңдеу кәсіпорындарын салу бойынша 9 жоба енді.
АШМ ішкі нарықты отандық алмамен қамтамасыз ету міндетін шешу үшін 6,6 мың гектар алаңға жаңа қарқынды бақ салуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің ақпараты бойынша, Қазақстандағы алмалардың жалпы тұтынылуы 344,3 мың тоннаны құрайды, оның ішінде импорт – 128 мың тонна.
Қазір республикада алма өндірумен 34 ірі компания, 195 орта, 1370 ұсақ шаруашылық, сондай-ақ жалпы ауданы 35,1 мың га құрайтын жеке қосалқы шаруашылықтары айналысады. Бұл ретте өнеркәсіптік бағыттағы бақтарда өнімділік гектарына 40 тоннадан асады, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда бар болғаны 7-10 тоннаны құрайды. Сондықтан ҚР АШМ ірі және орта шаруашылықтарда алма бақтарының ауданын ұлғайтуды, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруді ұсынады.
«Жыл сайын 2 мың гектар аумаққа алма ағаштарын отырғызу арқылы алма импортын толығымен жабуға және 2024 жылы елімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Саланы қолдау үшін алдағы үш жылда жоғары мемлекеттік қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Бұл инвесторларды ынталандырып, бағдарламаның табысты болуын қамтамасыз етеді», - деді Сапархан Омаров.
Сапархан Омаровтың айтуынша, соңғы 5 жылда қант қызылшасы егістігінің ауданы 10 есеге, жиын-терімнің көлемі 20 есеге ұлғайғанның өзінде отандық қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды.
Қант қызылшасының егіс алқаптарын екі есе ұлғайту, сапалы тұқымдарды және заманауи агротехнологияларды қолдану есебінен, яғни оның өнімділігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты отандық қантпен қамтамасыз ету көзделген.
Сонымен қатар, елімізде жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында жаңа кәсіпорындар салу жоспарланған.
Ішкі нарықты толықтыру және АӨК өнімдерінің экспортын ұлғайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жылда трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асатын жобалардың аясында агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша 7 экожүйе қалыптастырылатын 380 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Салаға 5 трлн теңгеге жуық қаржы тарту жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның – өңірлік азық-түлік хабына айналуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Үкімет отырысы барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық саласының даму барысы туралы, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика және өткізу инфрақұрылымын дамыту туралы баяндады.
[xfvalue_img]
19 пікір