Биылғы ауа райы егіс жұмыстарына қолайлы
Солтүстік Қазақстан облысында шаруалар егістіктерде ылғалды 97%-ға жабу бойынша жұмысты аяқтап, жақын арада жалпы ауданы 4 млн га аумақта егу науқанын бастайды. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров елдегі негізгі астық өсіруші өңірлердің егін науқанына дайындығын және іске асырылуына бюджеттік қаражат бөлінетін агротехнологиялық талаптардың сақталуын тексеру мақсатында іссапарға шықты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға агротехнологияларды ұстану, қажетті мөлшерде минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша талаптар қойды. Ол үшін ірі астық өсіруші өңірлерде өндіруші зауыттар минералды тыңайтқыштарды уақтылы қамтамасыз ету мақсатында арнайы қоймаларды ашты.
«Тыңайтқыштарды аз көлемде сатып аласыздар, жерді тыңайтуға нашар пайдаланасыздар. Қажеттілік көлемі 2,5 млн тонна, ал біз Қазақстан бойынша небәрі 400 мың тонна ғана қолданамыз. Кейін өнімділік төмен деп налимыз. Елдегі орташа өнімділік гектардан 12 центнерді құрайды, ал көршілес Ресей 25-26 центнер, Беларусь – 36 центнер алып жатыр. Демек, (көршілерде – ред) технология талаптары сақталады», – деді ол.
СҚО әкімдігінің ақпараты бойынша биыл минералды тыңайтқыштарды 130 мың тонна көлемінде сатып алып, 2,3 млн гектар аумаққа пайданалу жоспарланған. Тұтастай алғанда минералды тыңайтқыштарды пайдалану бойынша жыл сайынғы жалпыреспубликалық қажеттілік 2,5 млн тоннаны құрайды. Қазақстанда минералды тыңайтқыш өндіруші 12 зауыт жұмыс істейді, бірақ ішкі нарықтың қамтылуы небәрі 40%-ға тең.
2020 жылы осы бағытта мемлекеттік қолдау көлемі айтырлықтай артқан. Жергілікті бюджеттерде 480 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға 23,3 млрд тонна қарастырылған. Республикалық бюджеттен қосымша 54 мың тонна тыңайтқышқа 2,8 млрд теңге бөлінген.
А. Сапаров биыл егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алғаш рет гербицидтер ғана емес, сондай-ақ фунгицидтер мен инсектицидтер субсидияланатынын атап өтті.
«Биыл біз жаңа технологияларға ауыстық. Осыған дейін тыңайтқыштар сұйық күйінде қолданылмады, биыл соны қолға алдық. Бұл әдіс екі есе көп әсер береді, жақсы әрі сапалы өнім аламыз», – деді «Вишневское» ЖШС (СҚО) директоры Павел Рафальский. Оның айтуынша, егістіктердегі топырақ біркелкі ылғалданған, ауа райы егін науқанын жүргізуге қолайлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы егін науқанын жүргізуге жағдай жасалғанына сенімді. «Жергілікті жерлерде Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатқанын көріп отырмыз: қаржыландыру бөлінді, алғашқы 70 млрд теңге 100%-ға игерілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 100 млрд теңге бөлінген» – шаруалар бағдарламаға қатысуға өтініш беріп жатыр. Форвардты сатып алу іске асуда – облыстық әкімдіктерде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ өтініштерді жинап жатыр», – деді А. Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрі орынбасарының айтуынша, техниканың 100 пайызы егін алқабына шықты, шаруалар жанармаймен қамтылды, тұқым көлемі дайын.
«Жақын арада егін науқанын аяқтау керек, кейін шығымды байқаймыз, ары қарай ауа райы жағдайы қалай әсер ететінін бақылау керек. Содан кейін өнім шығымына болжам жасауға болады», – деп атап өтті спикер. Ары қарай жұмыс сапары барысында Қостанай облысына бару жоспарланған.
[xfvalue_img]
12 пікір