Төтенше жағдай кезеңіндегі ТарМПУ оқу төлемақысының тәртібіне өзгерістер енгізді
«Төлемақыны төлеу тәртібі төтенше жадайларға байланысты табысынан айырылған отбасынан шыққан студенттер үшін жаз айларына жылжиды». Дәл осылай деп Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы мәлімдеді.
Төтенше жағдай кезеңіндегі қашықтан білім алу процесі жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Осы уақыт ішінде университет студенттерінің тарапынан біршама сұрақтар қойылып, кері байланыс процесі жүзеге асырылды.
Қашықтан білім алу жағдайында біршама студенттер төлемақы тәртібі турасындағы сауалдармен жүгінеді. Осыған байланысты университет ректоры Ержан Әмірбекұлы: «Қазіргі таңда жұмыстарынан қысқартылған немесе кәсіпорындарда қызмет жасап, бүгінде табыс көзінен айырылған ата – аналар бар. Бірқатар студенттеріміз де қосымша жұмыс жасап, өз оқу ақыларын өздері өтеп жүр. Мұндай студенттердің категориясына да біз әлеуметтік жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысының салиқали саясаты мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұстанып отырған ұстанымдарының негізінде, төлемақыны кейінгі шегеруге шешім қабылдадық. Бастапқы ережеге сәйкес студенттер сессия уақытына дейін төлемақыны толық төлеу керек. Алайда, төтенше жағдайға байланысты, расында да табыс көзінен айырылған отбасыдан шыққан студенттер болса, студенттің жеке жағдайларын негізге ала отырып, төлемақыны жаз айларына қалдыруды қамтамасыз етеміз» - деп, түйіндеді.
Атап кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің емтихан тапсыру және дипломдық жұмыстарды қорғау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленген. Бұл құжат студенттер тарапынан қойылатын көптеген өзекті сұрақтарға жауап береді.
Тармпу баспасөз қызметі
[xfvalue_img]