Жеңістің жетістігі қызметпен жалғасқан
Әбдірахым Нұрмухамед – Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы табиғат аясында, қарапайым ауыл өмірімен өткен. Оның бала кезінен спортқа деген қызығушылығы да ерекше болды. Нұрмухамед ауыл мектебінде оқып жүріп түрлі жарыстарға қатысты. Бірақ, уақыт өте келе джиу джитсуға көңіл бөліп, осы спорт түрін терең меңгеруге бел буды. Оның еңбекқорлығы мен табандылығы көптеген жарыстарға қатысуға ынталандырды. Ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2017 жылы джиу-джитсудан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен ҚР чемпионатында 3-ші орынды иеленуі. Бұл жеңіс оның спортқа деген қажырлы еңбегінің нәтижесі болды.
Спорттан бөлек, Әбдірахым Нұрмухамед бала кезінен полиция қызметкері болуды да армандаған. Мектепті бітірген соң, Шымкент қаласына Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетіне оқуға түсіп, құқықтану мамандығын меңгеріп шыққан.
«Елге қызмет ету әрбір ер адамның міндеті», - деген қағиданы ұстанған ол, бүгінде полиция аға лейтенанты болып, Астана қаласы ПД «Нұра» ауданының криминалдық полиция бөлімінде жедел уәкілі қызметін атқарады. Оның міндеті – қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгін Әбдірахым Нұрмухамед үшін спорт жай ғана хобби емес, өмірінің маңызды бөлігіне айналды. «Спорт мен үшін сенімділік пен ерік жігердің қайнар көзі. Спортпен шұғылданған әр азамат әрқашан өзіне сенімді байсалды болып жүреді, жұмысқа да оң пайдасын береді», - дейді ол.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]