Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккендердің баспанасын қалпына келтіру шараларын реттеу мақсатында Батыс Қазақстан облысына барды
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев а. ж. 20 мамырында Батыс Қазақстан облысына барды.
Министр алдымен Теректі ауданындағы Подстепное ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты.
Одан әрі Министр Орал қ. «1-дачная» саяжай қоғамына барып, су басқан саяжайларды аралап көрді. Сонымен қатар Қанат Шарлапаев залал шеккендерге арналған эвакуациялық пунктке де барды.
Су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі кеңесте Қанат Шарлапаев баяндама жасап, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үйлерін қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы айтты.
«Облыста су тасқынының бірінші және екінші кезеңінің зардаптарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі мәліметтер бойынша 1 481 үйге техникалық байқау қорытындылары бар, оның ішінде 466 тұрғын үй жарамсыз деп танылған. Барлық тұрғын үйлерді техникалық байқаудан өткізгеннен кейін жарамсыз үйлер көбейеді деп күтілуде», – деді Министр.
Құрылысы жоспарланған 466 үйдің 71-і зардап шеккендерге сатып алынып, 395 үй салынады. Сонымен қатар, Орал қаласында жартылай салынып біткен және аяқталу сатысында тұрған 709 пәтер бар. Сондай-ақ құрылыс салушылар тарапынан демеушілік көмек ретінде 215 қосалқы пәтер бар.
Облыс әкімдігіне жобалардың бекітілген құны шегінде жедел сараптаманың оң қорытындысын алу, құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын жеделдету, нысандардың сапалы салынуын қамтамасыз ету және тек саяжай аймағында тұрғын үйлерінен айырылған азаматтарға Орал қаласында қажетті пәтер санын анықтау тапсырылды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
2 пікір