Петропавл полицейлері жыл басынан бері тұрмыс саласында 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады
Петропавл полицейлері отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша өтініштер санының өсуін тіркеуде. Соңғы 4 ай ішінде 514 факті анықталды. Өткен жылы осы уақыт аралығында 326 факт тіркелген болатын.
"Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері жүргізетін әдістемелік түсіндіру жұмыстары өз жемісін беруде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адамның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген қарым-қатынас кез-келген отбасында қолайсыздық тудырады. Сол үшін жағдайды шиеленістірмес үшін құқыққа қарсы мінез-құлық фактілерін жасырмау қажет", - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Әсем Ілиясова.
Полицейлер отбасылық жанжал, ұрыс-жанжал немесе ауызша қорлау тіркелген мекенжайларды үнемі тексеріп отырады. Жыл басынан бері құқық бұзушыларға қатысты 511 қорғау ұйғарымы шығарылып, сот шешімімен 122 адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Осыған қарамастан 56 жанжалқой қорғау ұйғарымын бұзса, 78 адам ерекше талаптарды елемеген. Мұндай тәртіп бұзушыларға әкімшілік қамауға алу түріндегі ықпал ету шарасы қолданылады.
Тәртіп сақшылары профилактикалық жұмысты тұрақты негізде жүргізеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары Петропавл қалалық полиция басқармасының 8 (7152) 49-31-58, облыстық полиция департаментінің 8 (7152) 61-25-30 нөмірлеріне, республикалық 111 «сенім желісіне» немесе 102 арнасына хабарласа алады.
Игорь Мерцалов
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]