Көлік министрлігінің өкілдері «Цифрлық көлік дәліздері» халықаралық форумына қатысты
Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының, Азия даму банкінің, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің салалық министрліктері мен ұйымдарының өкілдері қатысқан «Цифрлық көлік дәліздері» халықаралық форумы басталды.
Көлік министрлігінің атынан «Тасымалдау саласындағы халықаралық және трансшекаралық ынтымақтастық» тақырыбы бойынша өткен сессияға цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Серғазы Омаш қатысты.
Баяндама барысында спикер сессияға қатысушыларға автомобиль жүк тасымалдарындағы Өзбекстан Республикасымен электрондық рұқсат беру бланкілеріне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді.
Сондай-ақ ынтымақтастық туралы өзара Меморандумға қол қойылғаны және биыл 15 сәуірден бастап пилоттық режимде электрондық бланкілерді алмасу және беруді бастау жоспарланғаны атап өтілді.
Сонымен бірге Қазақстанның Tez Customs жүйесі арқылы теміржол логистикасын цифрландыру бойынша сингапурлық PSA компаниясымен ынтымақтастығының қорытындылары көрсетілді.
Жүйені пилоттық форматта енгізу «Жасыл дәліз» жобасы шеңберінде кедендік транзит процестерін автоматтандыруға мүмкіндік бергені атап өтілді.
Баяндамасын қорытындылай келе, С.Омаш форумға қатысушыларды Орталық Азия елдері арқылы өтетін цифрлық көлік дәліздері арқылы жүктерді мультимодальды тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастыққа шақырды.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]